Қызылордада 5 млн теңге ұрлаған қарақшы сотталды
Қызылордада қарақшылық жасаған қылмыскерге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
Өткен жылдың қыркүйек айында қарақшы өзінің сыбайласымен Қызылорда қаласында орналасқан үйдің ауласына секіріп кірген. Үйдің жатын бөлмесіне терезе арқылы енген қарақшылар жатын бөлмедегі сейфтің аузын темір ломмен бұза бастаған. Сол сәтте, жәбірленуші үйде өзге біреулердің жүргенін сезіп, жатын бөлмеге қарай бет алған. Үй иесінің келе жатқанын естіген қарақшы есік ашылған бойда оның бас шүйде тұсынан соққы жасаған. Жәбірленуші ауыр соққыдан ес түсін жоғалтып алған.
Осыны пайдаланған айыпталушы сыбайласымен бірге сейфтегі 5 млн. теңге қаражатты алып, оқиға орнынан бой тасалаған.
Сот үкімімен сотталушы алдын ала ұйымдасып, аса ірі мөлшерде қарақшылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Сотталушы жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерінде өтейтіндігі белгіленді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.