Қызылордалық зияткерлер республикалық олимпиадаға жолдама алды
Назарбаев Зияткерлік мектептерінің жалпы білім беретін пəндер бойынша өткізілген желілік олимпиадада қызылордалық зияткерлер топ жарып, жүлделі тоғыз орынды иемденіп қайтты, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz мектептің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары арасында желілік олимпиада қаңтардың 3-6 аралығында өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 560-тан астам білімді жас Астана, Алматы, Шымкент қалаларында жалпы білім беретін пәндер бойынша өзара білім сайысына түсті.
Астанадағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектепте Қазақстан тарихы мен құқық негіздері пəндері бойынша үздіктер анықталды. Білім бәйгесіне төрт қызылордалық зияткер қатысып, нәтижесінде екеуі жүлделі орынға ие болды. Атап айтсақ, 11 сынып оқушысы Даниярбек Бақытжан үшінші орынды, ал 10 сынып оқушысы Айгерім Сүйіндік екінші орынды иеленді.
Жаратылыстану пəндерінің мықтылары Алматы қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде сайысқа түсті. Нәтижесінде химия пәнінен екі үшінші орынды 9-сынып оқушысы Сұлтан Қани мен 10-сынып оқушысы Дамир Денеев иеленсе, информатика пәнінен 10-сынып оқушысы Әсет Қапи қола жүлдегері атанды.
Сонымен қатар 11 қызылордалық зияткер Шымкент қаласы химия-биология бағытындағы Зияткерлік мектепте тілдік жəне математикалық олимпиадаға қатысып, олардың төртеуі жүлделі дипломдарға ие болды. Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен 11-сыныптың оқушылары Нұрай Бектай мен Камила Ким екінші орынды иемденсе, 10-сынып оқушысы Гүлдана Сәбитова бұл кезеңде ең үздік ұпай санымен олимпиаданың жеңімпазы атанды. Сондай-ақ жүлделер қоржынын 11-сынып оқушысы Лаура Айдарова орыс тілі мен әдебиеті пәні бойынша үшінші орынды қанжығасына байлады.
Айта кетейік, желілік олимпиадаға Қызылорда қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінен барлығы 28 оқушы қатысты. Сайыс жеңімпаздары Зияткерлік мектептердің намысын республикалық олимпиадада қорғайтын болады.