Тамаша тарланы (видео)
Күні кеше ғана аға буынның көңілінен орын тапқан «Тамаша» ойын-сауық отауы туралы елдің әлі күнге ықыласы ерек. Мереке сайын теледидар алдына тізіліп, «Тамаша» болады қазір» деп қуана қауқылдасқан жұртшылық әсіресе халық әртісі Құдайберген Сұлтанбаевты тағатсыздана тосатын. «Тамашаның» тарланы Құдайберген Сұлтанбаев жайында kazakh-tv.kz деректі фильм дайындаған.
Құдайберген Сұлтанбаев ізімен «Тамашаға» аса талантты актер Мейірман Нұрекеев келді. Іле-шала өнер мектебіне Уәйіс пен Тоқсын кіріп, сахна көркіне айналды. Қыздардан Лидия Каденова, Данагүл Темірсұлтановалар ел жадында қалды. Құдайберген образға кіргенде, ауыл кемпірінің де, тентегінің де қылығын, эмоциясын айнытпай қайталайтын. Шоқтығы өзгелерден сонысымен биік тұрды.
«Тамаша» алғаш дүниеге келгенде қазақ өнеріне құбылыс болып енді. Алғаш шаңырағын «Қазақстан» телеарнасында көтерген, Ұлықпан Есенов жетекшілік жасаған, Қойшығұл Жылқышиев редакторлық жасап, Жарасқан Әбдірәшовтің сатира талғамы әзіл-ысқақ отауының іргесін бекітті.
«Тамашаның» тамаша болып жарқ етуіне талантты актерлердің бір мезетте бір сахнаға тоқайласқаны себеп болды. Олар сатира жанрын жанашырлықпен өрге сүйреді. Ат төбеліндей аз шоғыр сол тұстарда Оспанхан Әубәкіров, Шона Смаханұлының комедиялық туындыларына жан бітірді. Кейін екпіні бәсеңдеп, шоғы басылды.