2018 жылы Медициналық сақтандыру қорына түскен жарна көлемі 133 млрд теңгені құрады
Өткен жылдың желтоқсан айында Медициналық сақтандыру қорына республика бойынша 10,4 млрд. теңгеден астам жарна түсті, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕ АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жүйе іске қосылғанан бері 2017 жылдың 1 шілдесінен 2018 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі аралықта жинақталған жарнаның жалпы сомасы 133 млрд. теңгені құрады.
Оның 124,3 млрд. теңгесі (шамамен 93,5%) жұмыс берушілердің аударымдары болса, қалған 8,7 млрд теңге (6,5% жуығы) – жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғаларға тиесілі.
Сол кезеңде Қызылорда облысы бойынша 3,8 млрд. теңге түсті.
Жинақталған қаржы Ұлттық банкте сақталады. Болашақта МӘМС пакеті шеңберіндегі қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады. Еліміздің бас банкімен қаржыны сенімгерлік басқару туралы келісім бекітілген.