Жыл қорытындысы. Қызылорда – 2018
Сыр өңірі 2018 жылды толайым табыспен шығарып салды. Құрылыс, кәсіпкерлік, ауыршаруашылық, спорт, мәдениет және басқа салаларда ауыз толтырып айтарлықтай игі істер баршылық. Қызылорда қаласының 200 жылдығы да сырбойылықтардың есінде әсерлі сәттерімен есте қалды. Ескі жылдағы осы және өзге де жемісті жұмыстар мен елеулі оқиғаларды ой елегінен өткіздік.
Қызылорда облысында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізіліп келеді. Соңғы 6 жылда аймақта 14 жаңа шағын аудан бой көтеріпті. Тек осы жылдың өзінде өңірде 1222 пәтерге арналған 56 көпқабатты үй, яғни 600 мың шаршы метрден астам тұрғын үй (2013 жылы 270 мың шаршы метр) салынды. Жаңа жыл қарсаңында да қаланың 60 тұрғыны қоныс тойын тойлады.
Айта кету керек, 2018 жылдың 17 наурызы күні Арал қаласында екіқабатты ғимараттың блоктары арасындағы өткел құлаған болатын. Келесі күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаев апатты үйдің тұрғындарымен кездесіп, қысқа мерзімде жаңа салып беретінін айтты. Сондай-ақ, биыл Наурыз мерекесі қарсаңында Қызылорда қаласындағы Титов қыстағында апатты үйде тұрып келген 143 отбасының қоныс тойының куәсі болдық. 2018 жылы Сыр өңірінде апатты тұрғын үйлер мәселесі де толық шешімін тапты десек, қателеспейміз. Жалпы, 2013 жылдан бері тозығы жеткен үйде тұрып келген 645 отбасы жаңа баспанаға қол жеткізген.
Ит жылындағы тағы бір жетістік – 30 әлеуметтік нысанның (мектеп, балабақша, аурухана және емхана, клуб, музей және тағы басқа) жаңадан салынып, ел игілігіне берілуі.
Сырдарияның сол жағалауында құрылыс қызуда. Астанаға қарап бой түзеп жатқан жаңа қаланың алғашқы нысаны, яғни «Рухани жаңғыру» орталығының ғимараты қазан айында салтанатты түрде ашылды. Бұл ғимарат 1925 жылы бұған дейін «қырғыз-қайсақ» атанып келген ұлтымызға «Қазақ» атауын қайтарып беру туралы тарихи шешім қабылданған Қазақ Орталық Атқару комитеті ғимаратының сызба-нұсқасы негізінде салынған. Сонымен қатар, мұнда қалалық мұражай ашылды.
Өзеннің сол жағалауындағы жаңа қаладағы бірінші шағын аудан нысандары бой көтерді. Мұнда 14 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы салынды. Сондай-ақ, «Болашақ» университетінің бас ғимараты, оқу кешендері, жаңа сипаттағы студенттер қалашығы, Студенттер сарайы, профессор-оқытушылардың тұрғын үйі, балабақша, ойын-сауық орталығы, Конгресс орталығы, ХҚКО, стадион, дендробақ бой түзеуде.
Мінекей, 2018 жылдың басты жаңалығының бірі ретінде сол жағалаудағы жаңа қалада жұмыс істейтін қызметкерлердің және тұрғындардың пайда болуын атап өту керек.
2018 жыл Сыр өңірінде «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы» ретінде жарияланған болатын. Облыстағы жаппай кәсіпкерлікті дамыту мәселесінің маңыздылығын есепке ала отырып, мерзімі 3 жылға дейін ұзартылды. Енді 2018-2020 жылдар өңірімізде «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы» ретінде өтеді.
Расында, биыл кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетілді. Жыл басында «Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың жол картасы» әзірленді. Шағын және орта бизнесті қаржыландыруға республикалық және облыстық бюджеттен, банктер мен қорлардан 32 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Оның ішінде стартап-жобаларға 3 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған. Жаппай кәсіпкерлікті, әсіресе ауылдық жерлерде дамытуға аса мән берілді. Әр елді мекенге жергілікті биліктен жауаптылар бекітілді. Сонымен қатар, жыл қорытындысы бойынша, өз ісін жаңа бастаған үздік стартап-кәсіпкерлерді, ауданның үздік әкімін және жауапты лауазымды тұлғаны 1 млн теңге көлеміндегі сыйақымен марапаттау туралы шешім қабылданды.
Жүйелі жұмыстың нәтижесі жақсы және ол оң бағаға ие болды. Қызылорда облысы – шағын және орта бизнес субъектілерінің өсуі бойынша республикада көшбасшы болды. ЕХРО Конгресс-орталығында өткен «Индустрияландырудың екінші бесжылдығы: Қазақстанда жасалған» атты жалпыұлттық телекөпір барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевқа «Ең үздік бизнес орта құрғаны үшін» номинациясы бойынша "Алтын сапа" сыйлығын табыстады.
Бұл айтулы шара қызылордалықтардың мерейін бір тасытып тастады.
Облыста Елбасының төл жобасы – индустрияландыру картасының бірінші және екінші бесжылдығы аясында жүзеге асырылған 22 жобаның бүгінгі күні 17-сі өнім шығаруды қамтамасыз етуде. Бағдарлама аясында өңірде 2018 жылы әк шығару зауыты іске қосылды.
Бұдан бөлек, тампонажды цемент өндіру зауыты жұмысын бастады. Ол өңірде беріктігі мен төзімділігі жөнінен күрделі өнеркәсіп құрылысында бұрын қолданылып жүрген цементтен 2-3 есе асып түседі.
Облыста индустрияландыру аясында химиялық және тау-кен металлургиялық кластерлерді құруды көздейтін жобаларды жүзеге асыру бойынша жұмыстар жалғасын табуда. Бұл орайда «Шалқия» қорғасын мырыш кенішінде кен байыту комбинатының іргетасы қаланды.
Биылғы жылы Тәуелсіз Қазақстанның, соның ішінде Сыр өңірінің мәртебесін көтерген елеулі оқиғаның бірі – 26 қараша мен 1 желтоқсан аралығында Порт-Луи қаласында (Маврикий Республикасы) өткен ЮНЕСКО-ның 13-сессиясында Қорқыт Ата мұрасын адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының Репрезентативтік тізіміне енгізу туралы шешімінің қабылдануы. Бұл Қорқыт ата мұраларын халықаралық дәрежеде насихаттауға, маңызды жиындар мен тың зерттеулердің жасалуына жол ашады.
Бұдан бөлек те мәдениет саласында атап өтерліктей жаңалықтар болды. Биыл Қызылорда облысындағы республикалық және жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштерге QR-коды бар тақтайшалар орнатылды.
Тамыз айында облыстық Нартай Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры Эдинбург қаласында өткен «Фриндж» халықаралық өнер фестиваліне қатысты. Онда қазақтың халық жазушысы Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» лиро-эпостық драмасының желісі бойынша сахналанған «Ақбаян» спектаклін қойды.
Мамыр айында облыс орталығында Батырхан Шүкеновтің ескерткіші ашылып, әншінің құрметіне республикалық «Отан-Ана» байқауы ұйымдастырылды.
Ал желтақсанда Қазалы ауданында Әйтеке биге еңселі ескерткіш қойылды.
Қырымбек Көшербаевтың өкілеттігінің ұзартылуы
2018 жылға қадам баса сала ел арасында «биыл облыс әкімі кетеді екен», «зейнетке шығып, Сенатқа барады екен», «орнына кім келмекші» деген сыбыстар тараған. Гу-гу әңгіме мамыр айында тыйылды. Оған себеп – Елбасының Жарлығы. Яғни, аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев өз қызметін зейнеткерлік жасқа толған күннен бастап 2021 жылғы 20 мамырды қоса алғандағы мерзімге дейін жалғастыратын болды. Сыр өңірінің сәулеті мен дәулетін келістірген басшының өз орнында қалғанына жұртшылық қуанбаса, ренжіген жоқ.
Қызылорда қаласының 200 жылдығы
Қызылорда қаласы үшінші мыңжылдыққа қадам басты. Биыл Сыр жұртшылығы шаһардың 200 жылдығын кең көлемде атап өтті.
28 қыркүйек күні аймаққа арнайы мерейтойға келген ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова қызылордалықтарға жылы лебізін айтып, Ебасының құттықтауын жеткізді. Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, академик Асқар Жұмаділдаев, ҚР Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков, сондай-ақ, Сыр өңірінен шыққан танымал тұлғалар да келіп, елдің қуанышымен бөлісті.
«Сыр сүлейлері» аллеясынан бастау алған мерекелік шаралар легі тұрғындарға ұлттық тағам түрлерінен дәм татқызған «Қауын-қарбыз», «Қымыз-шұбат» және «Бауырсақ» дәстүрлі фестивальдері, сондай-ақ, қолөнер бұйымдарының көрмесі, ұлттық спорт түрлерінен сайыстар, ұлттық-этнографиялық концерт ұйымдастырылды. Сонымен қатар, киіз үй қалашығында Елорданың 20 жылдығына арналған көрме мен сол жағалаудың даму жоспары, құрылысының үлгілері және макеттері, Ы.Жақаев атындағы ғылыми-зерттеу орталығы жайлы мәліметтермен таныстырылды.
Мерейтой аясында қайырымдылық акциялары, концерттер мен басқа да мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, биыл Қызылорда қаласында салынған құрылыстар, ашылған нысандар, атқарылған ауқымды шаралар 200 жылдық тарихтың қойнауына енетіні сөзсіз.
Қызылорда қаласына көрік беріп тұрған ғимараттардың бірі – «Арай сити молл» ойын-сауық сауда орталығы. Ит жылы 3 қарашада қызылордалықтарға есігін айқара ашты. Орталық белгілі брендтер мен сауда нүктелерінің басын біріктірді. Алып ғимараттың алаңы 30 мың шаршы метрді құрайды. Ойын-сауық орталығы Қызылордада бұрын-сонды болмаған «Кинопарктің» ашылуымен есте қалмақ. Мұнда балаларға да арнайы алаң қаралған. Бэбилон ойын алаңы мен «Фудкорд» тағам өнімдерінің желісі де жексенбілік демалысты ғана емес, кешкілі уақыттың тиімді өтуіне жағдай жасайды. Тәулік бойы демалыссыз қызмет ететін сауда нүктесінде 322 адам қызмет етеді. Орталықта 20 мыңға жуық тауар түрлері ең қолжетімді бағада ұсынылуда.
Орталықта алғаш болып жұмыс бастаған «Магнум» супермаркеті болды.
Мұндай алып кешен Қызылордада алғаш ашылып отыр.
Қызылорданың өз уақыт белдеуіне оралуы
Биылғы жылы облыста ең көп талқыланған тақырыптың бірі – уақыт белдеуі. Бұл қызу талқы өз жемісін берді. 20 желтоқсаннан 21 желтоқсанға қараған түні Қызылорда облысының уақыты бір сағатқа кейінге шегерілді. Бұған қатысты Үкіметтің қаулысы да қабылданды. Сөйтіп, 10 жыл бұрын Астана уақытына ауыстырылған Қызылорда "өз уақытына" қайтып келді.
«Сағаттың кері шегерілуі ешқандай шығынды қажет етпейді, керісінше адам денсаулығына тигізер пайдасы зор», – дейді мамандар.
Сонымен қатар, зерттеулер барысында электр энергиясын тұтыну 4,2% үнемделетіні анықталған. Әлеуметтік-экономикалық нәтижелердің оң бағытта ілгерілеуін, азаматтардың денсаулығына әсер ететін физиологиялық тепе-теңдікті жақсартуды көздейтіні толық дәлелденген.
Қазір қызылордалықтар жұмысына ұйқысын қандырып баруда. Ал ата-аналар балаларын мектепке күннің жарығында жіберетін болды.
Сыр спорты да 2018 жылды толайым табыспен аяқтағалы тұр. Қызылорда облысының спорты республика көлемінде «үздік» деп танылды.
Жуырда Алматы қаласында Қазақ Спорт және Туризм академиясы мен «Спорт жұлдыздары» республикалық журналының ұйымдастыруымен «Жыл үздіктері – 2018» номинациясының жеңімпаздары марапатталған болатын. Байқауда қызылордалықтар бірнеше номинация бойынша жеңімпаз атанды. Нақтырақ айтсақ, «Үздік спортқа жанашыр облыс әкімі» номинациясы бойынша Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев жеңімпаз деп танылды. Сондай-ақ, «Үздік спорт басқармасы», «Үздік спорт мектебі», «Үздік баспасөз хатшысы», «Үздік аудандық спорт әдіскері – 2018» және басқа да номинацияларды сырбойылықтар алды.
Айта кету керек, облыс қазынасы есебінен 2018 жылы жеті елді мекенде спорт нысандары ашылды. Мемлекеттік жекешелік әріптестік аясында 9 жоба іске қосылды. Қала, аудан мектептеріне 8 автокөлік алып берілді. Сондай-ақ, спорт басқармасының бағынысындағы мекемелер спорттық құрал жабдықтармен (бокс рингі, күрес кілемдері, татами, даянг, ауыр атлетика штангасы, тұғыры және т.б.) қамтамасыз етілді. Сыр спортшылары биыл Қазақстан, Азия, Әлем чемпионаттарында 1 500 медаль жеңіп алды. Соның арқасында Қызылорда республикада үздіктер қатарынан көрінді.
Өмір бар жерде өлім бары ақиқат. Десек те, бір әулеттің емес, дүйім жұрттың қабырғасын қайыстыратын қаза болады. 2018 жылы Сыр елі тау тұлғасынан айырылып қалды. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов дүниелен озды. Аптал азаматтың демі 79 жасында үзілді.
Парасат-пайымы биік, сөзге шешен азамат еді. Ел арасында оның нақылдары, билік сөздері кеңінен тараған. Саналы ғұмырын елдің дамуына жұмсады. Қызылорда облыстық әкімшілігінің басшысы, Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты депутаты болған.