Ұлттық банктің қызметкері қазақ тілін менсінбегені ме?
Ұлттық банк қызметкері қазақ тіліндегі арызға орыс тілінде жауап берген, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz «Zan Zangary» құқықтық компаниясына сілтеме жасап.
ҚР Тіл туралы заңының 11-бабында мемлекеттiк және мемлекеттiк емес ұйымдардың азаматтардың өтiнiштерi мен басқа да құжаттарға қайтаратын жауаптары мемлекеттiк тiлде немесе өтiнiш жасалған тiлде берiлетіні бекітілген.
Ал, Ұлттық банк қызметкері А.Терентьев қазақ тіліндегі арызға орыс тілінде жауап берген.
«Бас прокуратураға Еуразиялық банк сот актісін орындамай, Конституцияны бұзып жатқаны жөнінде шағым түсірген. Бас прокуратура оны Ұлттық банкке жолдаған. Шағым қазақ тілінде жазылған. Алайда, Ұлттық банк бұл шағымды Қызылорда филиалына жібергені туралы хатты орыс тілінде берген. Қазақ тілінде берілген шағымға орыс тілінде жауап жазған Ұлттық банк қызметкері А.Л.Терентьев деген екен. Сонда Ұлттық банк заңнан үлкен бе?! Терентьев Қазақстандық емес пе?» – делінген құқықтық компанияның әлеуметтік желідегі ресми парақшасында.
Компания қолданыстағы заңдардың тіл туралы талаптарын көрінеу бұзғаны үшін Ұлттық банктің қызметкері А.Л.Терентьевтің жауапкершілігін шешуді талап етіп отыр.