Жалағаштықтар 2020 жылы көгілдір отынмен қамтылады
Жалағаш ауданында 2020 жылдың аяғына дейін толықтай газдандыру жұмыстары аяқталады деп күтілуде, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
Қазіргі таңда Жалағаш және Тереңөзек кенттеріне ортақ автоматтандырылған газ тарату станциясы құрылысының жұмыстары Тереңөзек кентінде жүргізілуде. Бұл жұмыстарға республикалық бюджеттен 1,1 млрд. теңге, облыстық бюджеттен 60,6 млн. теңге қаржы бөлінді. Жалпы жоба құны 3 млрд 189,8 млн теңгені құрайды.
Жоспар бойынша бұл жұмыстар 2019 жылдың наурыз айында аяқталуы тиіс. Мердігер мекеме «Транс Азия Контракшн» ЖШС.
Сонымен қатар, облыстық бюджеттен бөлінген 131 млн. теңгеге магистралдық желілер мен Жалағаш кентішілік желілер құрылысын жүргізу үшін жоба-сметалық құжаттар әзірленіп, өткен жылдың 28 қарашасында мемлекеттік сараптамаға тапсырылған. Сараптамаға дейінгі жоба құны 3,4 млрд. теңгені құрап отыр. Ал жобалау¬шы мекеме шымкенттік «Әсем Жоба Құрылыс» ЖШС.