Жаңақорғанда пысықай есепші бюджет қаржысын бас пайдасына жаратқан
Қызылорда облысында жұмыспен қамту бағдарламасының мың үш жүздей қатысушысына зейнетақы жарналары төленбей келген, деп хабарлайды 24.kz.
Жаңақорған аудандық жұмыспен қамту орталығының есепшісі 2 жыл бойы бюджеттен бөлінген қаржыны қалтаға басып отырған. Жастар практикасына жұмсалуы тиіс қаражатты да талан-таражға салған. Әлеуметтік саладағы заң бұзушылықты әшкерелеген аудан прокурорларының қадағалау актісі нәтижесінде шығын толығымен мемлекет қазынасына қайтарылды. 11 млн. теңгені бас пайдасына жаратқан пысықай есепші сот үкімімен 7 жылға шартты түрде сотталды.
«Осы бағдарлама аясында әлеуметтік жұмыс орнын формальді түрде ашып, жалақы және зейнетақы жарнасын аударғаны жөнінде жұмыспен қамту орталығына жалған мәлімет ұсынып, мемлекетке 500 мың теңге шығын келтірген жеке кәсіпкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Одан бөлек «Жұмыспен қамту» бағдарламасы аясында бюджеттік несиені мақсатына сәйкес пайдаланбау жағдайы анықталды. Бұл бойынша кәсіпкерге қатысты қылмыстық іс қозғалып, 1,5 млн. теңге мемлекетке келген шығын толық өтелді», - деді Жаңақорған ауданының прокуроры Нұрболат Дүйсенбаев.