Қызылорда облысында қалдықсыз өнім шығаратын зауыт ашылды
Қармақшыда қалдықсыз өнім шығаратын күріш зауыты ашылды, деп хабарлайды 24.kz.
Озық үлгідегі диірмен тәулігіне 65 тонна Сыр маржанын ақтай алады.
Ал күріштің қалдығын мал азығы ретінде 3 түрлі жемге айналдырады. Кезінде далада шашылып немесе жағып жіберетін күріш кебегі жаңа технологияға негізделген өндіріс арқылы осылай пайдаға асып отыр. Дүр Оңғар ауылынан бой көтерген бұл зауыт жергілікті 15 тұрғынды жұмыспен қамтыды.
Айта кетейік, биыл бұл шаруа қожалығы 3 мың 200 гектарға күріш егіп, оның әр гектарынан 74 центнерден өнім жинады. Бұл облыс бойынша ең жоғарғы көрсеткіш.
«Бұрынғы диірменге қарағандағы ерекшелігі бұның фотосеператоры бар. Қызыл күрішін айырып тұрады, сосын сағатына 5 тонна күріш шығарады. Қазір енді күріштің сапасы жоғары, қазір өзіміздің Қазақстанның қалаларына жіберіп жатырмыз, енді алдағы уақытта шетелге шығу жоспары бар», - дейді шаруа қожалығының бас агрономы Төлеу Ералиев.