Аралда жыл үздіктері марапатталды
Арал аудандық мәдениет үйінде жаңа жыл мерекесіне арналған салтанатты жиын болып өтті, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
Мерекелік шараға аудан әкімі Мұхтар Оразбаев қатысты.
«2018 жыл еліміз үшін толағай табыстар мен саяси оқиғаларға толы жыл болды. Ауданда көптен бері қордаланған мәселелер шешімін тауып, ауқымды жұмыстар атқарылды. Бірнеше әлеуметтік нысандар салынып, халық игілігіне пайдалануға берілді» деп аудан әкімі жыл көлемінде атқарылған жұмыстар мен жетістіктерге тоқталды.
Салтанатты жиында бірқатар аудан азаматтары «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Елеулі еңбегі үшін» төсбелгісімен,«Құрмет грамотасымен» және Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойлық медалімен марапатталды. Сондай-ақ, жыл қорытындысымен әр сала үздіктеріне «Жыл үздігі-2018» номинациясы табысталды.
Жаңа жылдық кеш аудан өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.