Қуандық Бишімбаев қоныс колониясына ауыстыруды сұрады
Сотталған экс-министр Қуандық Бишімбаев қоныс колониясына ауыстыруды сұрады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Бишімбаевтың бұл өтініші Түркістан облысы Төле би аудандық сотында қаралып жатыр.
Бұрынғы министр сот отырысына видеобайланыс арқылы қатысты. Сот әзірше шешім қабылдамады, өтінішті қарау мерзімі 29 желтоқсанға ауыстырылды.
Еске салайық, тамызда бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанадағы колониядан Шымкенттегі колонияға ауыстырылған болатын.
"Бұл максимал қауіпсіздік мекемесі, яғни, қатаң тәртіптегі режим, шамамен 500 адам болады. Ғимарат 1976 жылы пайдалануға берілген болатын", - деп мәлімдеген еді ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметінің қызметкері Ғалымжан Хасенов.
Биыл 14 наурызда Қуандық Бишімбаев 10 жылға сотталған болатын.
"10 жылға бас бостандығынан және өмір бойына мемлекеттік қызметтерде басшы лауазымдарында жұмыс істеу құқығынан айырылсын. Жазасын максималды қауіпсіз мекемеде өтесін, сондай-ақ, мүлкі тәркіленсін", - деп оқыған еді үкімді судья Әділхан Шайхисламов.
2016 жылдың 30 желтоқсанында ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты тергеу шаралары жүріп жатқаны белгілі болған еді. ҚР СІМ басшылық құрамымен кездесуінде Нұрсұлтан Назарбаев Қуандық Бишімбаевтың қызметтен босатылғанын мәлімдеген болатын.
"Бишімбаев топ болып, алдын ала келісім жасау арқылы аса ірі көлемде бірнеше рет пара алып отырған. Заңсыз алған қаражатты Бишімбаев өз қажетіне жаратқан", - деп хабарлаған еді Антикоррупция қызметінің өкілдері.