Ерекше балабақша
Қызылордада мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған инклюзивтік балабақша жұмыс жасайды, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
«Шағбан» инклюзивтік балабақшасында 175 бала тәрбиеленуде. Мұндағы 115 бүлдіршіннің мүмкіндігі шектеулі. Бөбекжайдың өзге балабақшалардан ерекшелегі бұл орталық иппотерапия бағдарламасы бойынша жұмыс істейді. Яғни, орталық мүмкіндігі шектеулі балаларды жылқымен емдейді.
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында «Шағбан» балабақшасына облыстық прокоратура басшысы Халидолла Дәуешов келіп, бүлдіршіндерді мерекемен құттықтады. Мерекелік кеште бас прокурор ДЦП ауруына шалдыққан Мереке Тұрсынбайдың тұсауын кесіп, арнайы сый-сияпат жасады.
«Жаңа жыл мерекесі қарсаңында мүмкіндігі шектеулі балаларды қуантып, балабақша ұжымына алғысымызды білдіргіміз келді. Орталық бүлдіршіндерді атқа мінгізу арқылы сауықтырып қана қоймай, үлкен өмірге дайындауда. Осындай ауыр жүкті арқалап, қоғам үшін игі іс жасап жатқан «Шағбан» балабақшасының тәжірибесін облыс көлемінде насихаттау қажет», - деді Халидолла Дәуешов.
Балабақша ұжымы мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп қана қоймай, сондай-ақ оларды емдеуді де қолға алған. Келер жылдан бастап бөбекжай томитист аппаратымен түзету жұмыстарын жүргізуді көздеп отыр.
«Тәрбиеленушілердің тезірек сауығуы үшін мұнда заманауи емдеу тәсілі кеңінен қолданылады. Мәселен, облысымызда тапшылық ететін педагог-монтесорри, дефектолог, логопед мамандары да бар. Олар балалардың сауығып кетуіне түрлі тәсілдерді қолданады. Сонымен бірге балабақшада тәрбиеленушілері арасында көп балалы отбасынан шыққандарға жеңілдік қарастырылған», - дейді балабақша меңгерушісі Жапырақ Ұзақбаева.