Сіз үшін ескі жыл несімен есте қалды?..
Әне-міне дегенше 2018 жылды да шығарып салғалы тұрмыз. Санаулы күндерден соң 2019 жылды қарсы алып, жаңа жалға қарай қадам басамыз. Осы тұста oldkaz.kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі бірқатар азаматтарға «Ескі жыл несімен есте қалды?» деген сауал қойған болатын.
Мұғалімдер мәртебесі аса мән беретін оқиға
– 2018 жылы есте қалған жағымды жаңалық өте көп. Солардың алғашқысына тоқталар болсам, биылғы жылы қазан айындағы Елбасының халыққа Жолдауында мұғалімдер мәртебесі айтылған болатын. Бұл ұстаздар мәселесі қоғамда 20 жылдан бері көтеріліп келе жатыр. Бұл мәселенің қозғалуы, осыған Елбасының өзі ден қоюы саяси жағынан да, экономикалық жағынан да мән беретін осы жылдың оқиғасы деп білемін.
Екіншіден, елімізде тарифтер мәселесінің тежелуі. Бұл мәселеде біраз уақыттан бері депутаттық сауалдар жолданған болатын. Алайда ол сауалдар ескерусіз қалып жатты. Бұл мәселені дер кезінде Елбасы өз қолына алып, тұтынушылық тарифтердің төмендеуіне ықпал етуде. Мемлекеттік деңгейде қозғалған тарифтер мәселесінде Елбасы Үкіметке арнайы тапсырма беріп, тарифтерді қайта қарау, монополистерді тежеу мәселесін тапсырған болатын. Халықтың тұрмыстық жағдайына едәуір есер ететін газ, отын, электр жарығы, ауыз су сынды инфрақұрылымдардың тарифтері Елбасы қолдауымен арзандайтын болады.
Биылғы жылы есте қалған тағы бір оқиға Қызылорда облысының уақыты өз сағаттық белдеуіне оралуы болды. Бұл мәселе де көп уақыттан бері көтеріліп, Сыр өңірінің депутаттарымен бірге Үкіметке бірнеше сауал жолданған болатын. Парламент депутаты ретінде осы мәселенің шешілуіне барынша атсалыстым.
Келесі бір оқиға соңғы 5 жылдан бері көтеріліп келген «Қызылорда-Жезқазған» автожолының салынуына бюджеттен қаржының қаралуы. Биылғы жылы бюджет қабылдауда осы мәселе шешімін тапты. Бұл еліміздің оңтүстік аймағындағы, соның ішінде Қызылорда халқының игілігіне шешілген іс болды деп айтуға болады.
2018 жыл өзімнің жеке өмірімде де жақсылықтарымен есте қалды. Ескі жылда отбасымыздың, әулетіміздің амандығы, төрт көзіміз түгел ескі жылды шығарып салып жатқанымыз да жақсы оқиға деп есептеймін.
Тарихи әділеттілік орнаған жыл
– Тағы бір жылды тарих дейтін қарияның құзыретіне тапсырып, жаңа жылдың табалдырығында тұрмыз. Өткен он екі айға көз салсақ, жаманшылығын көрмейтін сияқтымыз. Биылғы жыл елдің есінде Тәуелсіздігіміздің бойтұмарындай болған Астана қаласының 20 жылдық мерейлі мерекесімен есте қалса керек. Онан соң Алашқа алғаш Астана болған Қызылорданың қос ғасырлық тойы да ағайынның санасында сақталмақ. Той жақсы болғанмен, толайым табыстарымыз бар ма? Жоқ деп ауызды құр шөппен сүртетіндей күйде емеспіз. Ең әуелі, Сырдың сол жағалауындағы бос жатқан жер игеріліп, жаңа қаланың құрылысы басталып, алғашқы нысандар ел игілігіне берілді. Дағдарыс деген дүниеден еңсемізді тіктеп кете алмай тұрған шақта қала салу – ерлік. Ал сол ерліктің нұсқасын дария бойын жайлаған жұрт көрсетті. Қуаныш па? Әрине, қуаныш. Сол жағалаудағы алғашқы нысанның «Рухани жаңғыру» орталығы мен Қызылорда қаласының музейі болғаны барлығына белгілі. Әуелі ғимараттың өзіне тоқталсақ. Кезінде қырғыз-қайсақ деген атаудан арылтып, өзіміздің қазақ атымызды қайта алып берген Қазақ Атқару комитеті отырған ғимараттың сызбасы негізінде салынды ғимарат. Ұлт тарихындағы ұлы оқиға орындалған орынды кейін жындыхана ғимараты қылып, одан соң сүріп тастаған. Сол кездегі солақай саясат біздің санамыздан осындай қастерлі орынды сылып алып тастағысы келген шығар. Бірақ тарихи әділеттілік қайта орнады. Біз жоғалғанымызды қайта қалпына келтірдік. Ал «Рухани жаңғыру» орталығына алғаш жеке отау тігіп берген де біздің аймақ.
Тағы бір айтулы жәйтке тоқталғым келеді. Осы аяқталар жылыңызды Қызылорда облысы «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жариялағаны мағұлым. Ойласа келе, мұны үш жылға созуды ұйғардық. Шағын және орта бизнес – мемлекеттің табан тірейтін, арқа сүйейтін үлкен күші. Өйткені экономиканың негізгі буынын осы бизнес өкілдері қалыптастырады. Онан бөлек, экономикасының кіндігі мұнайға байланған біздің аймақта әртараптандыру саясаты жүріп, сонымен қатар, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту қарқынды жүзеге асырыла бастады. Нәтижесінде, республика бойынша үздік шығып, облыс әкімі Қырымбек Көшербаевқа бизнеске оңтайлы жағдай жасағаны үшін берілетін «Хан Тәңірі» сыйлығы тапсырылды. Білгенге, бұл үлкен жетістік.
Айтсақ, санамаласақ, қол жеткен жеткен жетістік, бағындырған белес біршама. Сондықтан өткен жылға өкпе жоқ дей аламыз. Ал келер жылдан үміт көп. Еліміздің ырыс-несібесін, бақ-берекесін арттырып келетін жақсылығы мол жыл болғай!
Қуанышты сәттер де, өкініш те бар
– Биылғы жылы еліміз үшін өте жемісті жыл болды деп айтуға толық негіз бар. Әсіресе, спорт саласында жеткен жетістік көп. Сонымен қатар, бұл салаға барынша қолдау көрсетілген, жастардың спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалған. Ауылдық жерлерде, шалғай елді мекендерде спорт кешендері ашылып, бұқаралық спортпен шұғылданатын халықтың саны артып келеді.
2018 жылы өзім үшін де біраз айтулы оқиға болды. Қуанышты сәттер де, өкініш те бар.
Ең алдымен, мен үшін биылғы жылы бокстан Қазақстан Республикасының чемпионатымен қатар, Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойы есте қалды. Қазақстан чемпионатында жақсы нәтижемен аяқтадым.
Ал жылдың әттеген-ай деген тұсы, Азия ойындарында өзім өнер көрсететін ауыр салмақтағы (+91келі) жарысты алып тастады. Дегенмен, бұған да аса қатты өкініш болмады. Мүмкін қайырлысы осы шығар. Алдағы уақытта мұнан да зор сайыстар күтіп тұр. Қазіргі таңда келер жылы Әлем чемпионатына қатысып, ауыр салмақта алтын медальға қол жеткізуді көздеп отырмын. Ел тарихында бұрын-соңды бұл салмақта әлем және олимпиада чемпионы жоқ. Бұған дейін боксшы Мұхтархан Ділдәбеков әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болған болатын. Мұхтархан ағамыздың күміс жүлдесін алтынға айналдырсам деген мақсатым бар.
ҰБТ-да облыс көлемінде көш бастап тұрмыз
– 2018 жыл мен үшін ұжымда да, жеке өмірімде де толайым табыстарға толы болды. №264 мектеп-лицей биылғы ҰБТ нәтижесі бойынша облыс көлемінде көш бастап тұр. Орташа балл 112,3-ті құрады. Бұл біздің ұжымның биылғы жетістігі болды. Сонымен қатар биылғы жылы да оқушыларымыз бен ұстаздарымыз түрлі ғылыми жобаларға қатысып, республикалық жүлделі орындарға ие болды. Оған қоса, мектебіміздің психолог маманы «Психолог-2018» республикалық байқауында І орынға ие болды.
Сондай-ақ биылғы жылы Елбасымыз өзінің халыққа Жолдауында ұстаздар мәртебесін көтеру мәселесін ерекше атап өтті. Осыған орай №264 мектеп лицейінің ұжымы да өз ұсыныстарын білдіріп, мұғалім мәртебесін көтеруге өз үлестерін көтерді.
«Бірінші байлық - денсаулық» демекші, кейде жұмыс деп жүріп, денсаулықты күтуді ұмыт қалдырып жатамыз. 2016-2017 жылдары денсаулығым күрт нашарлап, сырқаттанып қалған болатынмын. Биыл сол сырқатымнан айығып, денсаулығым қайта қалыпқа келді. Сонымен қатар биылғы жылы 2 атұстар немерем дүниеге келіп, отбасымыз толығып жатыр.
Жасұлан Алдабергенов, Қызылорда облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры:
Қайырымдылық шаралар қатары көбейді
– Өзім облыс жастарымен тікелей жұмыс жасағандықтан жастарға қатысты жағымды жаңалықтарды айтқан жөн болар. Биыл Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауында 2019 жылды жастар жылы деп жариялаған болатын. Бұл – қазақ елінің жастары үшін өте қуанышты жаңалық.
Сонымен қатар биылғы жылдан бастап аймақтың сол жағалауынан «Жастарға қызмет көрсету орталығы» ғимаратының құрылысы басталды. Алдағы жастар жылында орталық іске қосылатын болады. Бұл да есте қаларлық, қуантарлық жағдай болды.
Жалпы, биылғы жылы аймақ жастары, еріктілер тобы көптеген қайырымыдылық іс-шара ұйымдастырды. Мұндай шаралар жылда өткізіліп келе жатқаны белгілі. Дегенмен биыл шаралардың саны да, сапасы да артып, акцияларға қатысуға ниет білдірген жастардың да қатары толықты. Әрбір қайырымдылық шарасынан түскен қаражатқа тұрмысы төмен отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі балаларға, қарт адамдарға көмек көрсетеміз. Қайырымдылық шараларының бағыттары да әртүрлі болды. Бірде концерт өткізсек, енді бірде спорттық жарыстар ұйымдастыру арқылы түскен қаражатты мұқтаж жандарға жұмсадық.
Мәселен, жуырда ғана №264 мектеп-лицейде футболдан турнир ұйымдастырып, түскен қаражатқа тұрмысы төмен отбасылар мен көпбалалы жанұяға отын-көмір алуға көмек көрсеткен болатынбыз.
Жаны жылулыққа зәру жанға қуаныш сыйласаң, өзіңнің де жүрегің жылулыққа толып, жаның жадырап қалатыны белгілі. Өзгеге қуаныш сыйлай отырып, өзіміз де қуанамыз.
Мемлекет ел жастарына көп қолдау көрсетіп келеді. Келер жылдан бастап жастарға жасалар қолдау да, мойынға артылар жүк те аз емес. Аға буын өкілдерінің сенімін ақтаймыз деп сенемін.
Биыл «Үздік аудандық басылым» атандық
- Жылды өткердік. Жаңа жыл келеді. Сынаптай сусыған уақыттың тұралар маңы қайсы? Уақыт тұрлаусыз, тұрақсыз һәм мекенсіз. Сондықтан болар одан есеп сұрау мүмкін емес. Ал адам кешегіге есеп беріп, ертеңіне мақсат қоюы міндетті. Адамды айуаннан айырар да осы қарекеті емес пе? Мына өтпелі жылға өкпелей қоймаспыз. Жыл жағымды жаңалығымен есте қалды. Жеке бастың жайынан, жалпының жайын жоғары қояр азамат ретінде, оның үстіне жастардың сойылын соғар жан ретінде сөз қаузасам, биыл "жас проэкт" бағдарламасымен талай жас қанатын қомдап, кәсібін бастады. Құптарлығы атаулы жобаға қатысқан жастардың дені ауылдан. Одан бөлек кәсіпкерліктен де жастар "майлы жілігін" өзгеге беріп қойған жоқ. Мәселен, жуырда Жосалы кентінде бұрын-соңды ауданда жүзеге аспаған, болмаған жоба қолданысқа берілді. "Киндерланд" балалар ойын сауықтық орталық ашылғанына жеке басым қуандым. Рас ірі қалаларда балалардың ойнауына бар жағдай жасалған. Бұл жобаны ауданның қажетін ойлаған жас жасақтаған. Әрине, жастарға биыл қолдау болды. Әлде де болса деген тілек. Бүгінсіз ертең жоқ, кешегісіз бүгін жоқ деген, келер жылдан да үміт көп. Себебі "Жастар жылы" келеді. Сол қолдау үдей түссе. Жеке басымның жайын айтсам, өзім басқарған ұжымның жемісі ретінде аудандық "Қармақшы таңы" газетінің облыстан "үздік аудандық басылым" номинациясын иемденді. Елорда Астанадан, Ресей астанасы Мәскеуден тәжірибе жинақтадық. Бұл жылды осылай жауып отырмыз.
Динара Маханова.