Оттың ортасында қалған адамдарды аман алып шыққан
Таяуда Қазақстан Республикасының Президентінің қолынан «ІІІ дәрежелі Айбын орденін» алған Қызылордадағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Ермекбек Пазлиев «Qyzylorda» телеарнасындағы «Жаңа күн» бағдарламасында қонақта болып, қызметі жайында әңгімеледі, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әлемдегі қатерлі және асыл мамандықтың біріне – өрт сөндіруші мамандығы да кіреді. Осы ретте осындай мамандық иелерін құрметтеу де құптарлық. Қызылордадағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Ермекбек Пазлиев таяуда Қазақстан Республикасының Президентінің қолынан «ІІІ дәрежелі Айбын орденін» алған болатын. Осыған орай және жаңа жыл қарсаңында оны құттықтау, еңбегін дәріптеу мақсатында «Qyzylorda» телеарнасындағы «Жаңа күн» бағдарламасында тікелей эфирде өзінің қызметі жөнінде әңгімеледі.
•Ермекке бұл орден оның жанқиярлық еңбегі үшін берілді. Ол осы жылдың сәуір айында Қызылорда қаласында төрт қабатты үйде болған өртке кіріп, от арасынан әйел адамды алып шыққан. Әйел адам 2-3 дәрежелі күйік алды, бірақ аман қалды. "Түтін арасынан түк көрінбеді, басымда тек адамды алып шығу ғана болды" деді ол әңгімесінде.
Сонымен бірге Ермекбек өзі қызмет еткен он бір жыл ішінде көптеген адамды тілсіз жаудан алып шыққан. Осындай қауіпті жұмысын ол «қызметтік міндетім» деп біледі. Ол сондай-ақ Қазақстан Республикасы ТЖК салалық қызметкерлер арасында жазғы спорт сайыстарында үстел теннисі бойынша аймақтық чемпионы және гір спорты бойынша 80 кг салмақ дәрежесінде Республика чемпионы, облыс, ауданаралық спорттық сайыстарда өз салмағымның чемпионы атанған. Қазіргі таңда гір спорты бойынша спорт шеберлігіне үміткер.
Отбасында да абыройға ие отағасы. Жұбайы – Ардақ екеуі Нұрай, Нұрсезім, Жеңіс есімді ұл-қыздардың ата-анасы.