2018 жылы Сенат өте белсенді жұмыс істеді - Қасым-Жомарт Тоқаев
Парламент Сенатының 2018 жылдағы қорытынды жалпы отырысында Палата төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылдың жетістіктерін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Палатаның осы жылғы қорытынды отырысын өткіздік. Еліміз үшін жетістіктерге толы 2018 жыл тарихымызда өзінің лайықты орнын алатыны сөзсіз. Біз осы жыл ішінде Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен барша халықпен бірге мемлекет өмірінде орын алған қоғамдық-саяси маңызы зор оқиғалардың қатысушысы болдық. Халықтың өмір сапасын жақсарту жолындағы Елбасының теңдессіз бастамаларын іске асыру жұмысына белсене қатыстық. Биыл еліміз әмбебап әрі баламасы жоқ әлемдік ұйым - Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі ретінде жемісті жұмысын жалғастырып, Кеңестегі төрағалық қызметін абыроймен атқарды. Бұл Елбасының әлемдегі биік беделінің арқасы және айқын көрінісі», - деді Сенат төрағасы.
Сонымен қатар Қ. Тоқаев Тәуелсіздігіміздің бойтұмары, Елбасымыз негізін қалаған әсем қала, елордамыз - Астананың мерейлі 20 жылдығы кең ауқымда атап өтілгенін еске салды.
«Бүгінде мемлекеттік биліктің барлық тармақтары Президенттің әлеуметтік бастамаларын белсенді түрде іске асыруда.
Жолдауға сәйкес, ең алдымен, қазақстандықтардың кіріс деңгейін арттыру шаралары қолға алынды. 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төмен жалақы 1,5 есеге арттырылады, зейнетақы мөлшері көбейтіледі, коммуналдық қызметтердің тарифтері төмендетіледі.
Осы жылы Каспийдің құқықтық мәртебесі бойынша 5 мемлекет 20 жылдық келіссөздердің нәтижесінде арнайы конвенцияға қол қойды.
Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтау жөніндегі конвенцияны ратификациялауға қатысты заң жобасын Палатамыз жаңа жылда қарайды», - деді ол.
Сенат жыл ішінде Елбасы ұсынған реформаларды заңнамалық жағынан қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыстарды атқарды.
Жалпы, биыл Парламент 80 заң қабылдады. Қабылданған заңдардың 30-ға жуығы Елбасының нақты тапсырмаларын орындауға бағытталды.
«Сенаторлар заң жобаларының басым көпшілігін қысқа мерзімде жан-жақты мұқият қарастырып, көптеген маңызды түзетулер енгізгенін атап өту қажет. Сенат депутаттары қоғамымыздағы ең өзекті мәселелер бойынша Үкіметке 100-ден аса депутаттық сауал жолдады.
Биыл Палата заң шығару жұмысымен қатар, парламенттік қызметтің басқа да бағыттары бойынша өте белсенді жұмыс істеді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.