Қазалыда Әйтеке бидің еңселі ескерткіші ашылды
Бүгін Қазалы ауданында облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен Әйтеке биге арналған ескерткіштің ашылу рәсімі өткізілді, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
Әйтеке би ескерткішінің ұзындығы 12 метр. Ескерткіш авторы Қазақстан суретшілер Одағының мүшесі, мүсінші Қазыбек Сатыбалдин. Ескерткішке Өзбекстанның Набой облысындағы Әйтеке би мазарынан топырақ әкелінген.
Салтанатты жиында аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев аудан тұрғындарын Алаштың үш биінің бірі, әділдіктің алдаспаны атанған Әйтеке биге арналған ескерткіштің ашылуымен құттықтады. Сондай-ақ облыс әкімі ауданда соңғы уақытта атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді.
Сонымен қатар аудан тұрғындарының атынан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов сөз сөйлеп, аймақ басшысына өзінің ризашылығын жеткізді.
Шара барысында Әйтеке би ескерткішіне гүл шоғы қойылып, ата-баба рухына құран бағышталды.