Қызылордада Текей батыр есіміне көше берілді
Бүгін Қызылорда қаласындағы көшелердің біріне Текей батырдың есімі берілді, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz.
Мемлекет басшысының "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан игі шараға қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысты. Қала әкімі қызылордалықтарды көшеге батыр есімінің берілуімен құттықтап, "Бұл көшеде батыр ұландар дүниеге келсін" деп, ізгі тілегін жеткізді.
Былтыр батырдың 350 жылдығы ел көлемінде аталып өтті. Бүгінгі шара соның жалғасы іспетті.
Текей батыр көшесі Сырдария өзені жағасындағы Тәуелсіздік даңғылынан басталып "Арай" мөлтек ауданы арқылы қаланың орталық көшелерімен қосылады. Ел тәуелсіздігі үшін батыр бабаның есімін таңдаулы көшелердің біріне берілуі үйлесімді таңдау. Ер есімі ел есінде мәңгі сақталуы тиіс.
Текей Қарпықұлы 1667 жыл шамасында дүниеге келген. Әз-Тәукенің сенімді сардары болған, жауына найзасын тіреп талай шайқасқа қатысып халық батыры атанған.