Кімдер Аяз ата болуға құмар келеді
Жұрт жаңа жылды қарсы алудың қамында қазір. Біреу қаржы шашады. Енді біреулер сол ақшаны жинап алады. Қомақты табысқа кенелетіндер қатарына Аяз ата және Ақшақарды сомдаушылар да кіреді екен. Шаншылған шыршаны шыр айналатын екеуі реті келсе үй-үйлерді аралап та ақша табады. Іздегенге ізет танудан тартына ма, ат түйедей қалайтындар болса, солардың ортасынан табылу да олардың жыл ауысар шақтағы міндеті. Кімдер Аяз Ата болуға құмар немесе бүгінгі Ақшақардың өмірінен не білеміз?

Мұндай қызметтің түр-түрін қазір ғаламтордан оңай табуға болады. Осы іспен айналысатын арнайы мекемелер көп. Тапсырыс берсеңіз болғаны, Аяз Ата кейпіне енген актерлер кез келген уақытта қызмет көрсетуге дайын. Солардың бірі – Мұрат Тұрарбаев. Оның айтуынша, ата-аналар балаларының ертегі әлеміне енуі үшін ақшасын аяп қалмайды. Тапсырыс берушілерде жетіп артылады.
«Біз ұсынатын бағдарлама сан алуан. Бірі жарты сағатқа, бірі 1 жарым сағатқа созылады. Күніне 2, кейде 3 ертеңгілікке қатысамыз. Ұйымдардан бөлек, отбасылар да үйлеріне шақырып жатады. Ал 31 желтоқсан күні тапсырыс өте көп болады», - дейді актер Мұрат Тұрарбаев.
Бұл – Мұраттың сүйікті кәсібі. Мамандығы бойынша музыкант болса да, Жаңа жыл қарсаңында Аяз Ата ретінде қызмет көрсетуден еш қымсынған емес. Айта кетейік, мұндай кәсіппен айналысатындар мереке кезінде барынша табыс тауып қалуға тырысады. Олардың қызметі нарықта орташа есеппен 20 мың теңгеге бағаланады.
24.kz