«Тілектер шыршасы» кішкентай қызылордалықтарды шаттыққа бөледі
«Азаматтарға арналған үкімет» бұл дәстүрлі қайырымдылық шарасын биыл екінші рет ұйымдастырып отыр, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz.
Мемлекеттік корпорацияның барлық облыстағы филиалдарында жаңа жылдық шырша орнатылып, онда әлеуметтік осал топтағы отбасы балаларының Аяз атаға жазған хаттары ілінді. Қайырымдылық бағытымен халық ықыласына бөленген шара балғындардың көңілін көтеріп, ғажайып әсер сыйлады.
«Әр бала үшін Жаңа жыл мерекесі – әсерлі, сиқырлы мейрам. Бұл күнді олар жыл бойы күтеді. Өкінішке қарай барлық отбасының балаларының арманындағы сыйлығын алып беретін мүмкіндігі жоқ. Сондықтан біз достарымыздың, әріптестеріміздің көмегімен осы бөбектердің хатында жазған армандарын орындауға тырыстық. Олардың бүгінгі шат-шадыман күлкісін естуден артық сый жоқ», – дейді филиал директоры Айдын Қайроллаев.
Әдемі безендірілген зал, әсем шырша, тамаша костюмдер мен сыйлықтар, Аяз Ата, Ақшақар, Бетман және басқа да ертегі кейіпкерлері ешкімді бей-жай қалдырмады. Тіпті орталыққа қызмет алуға келген азаматтар да қызықты көріністі тамашалап, әр нөмірге қолпаштап отырды.
Барлық бала өздерінің дайындаған ән-биін көрсетіп, шыршаны айнала жүріп, қызықты ойындар ойнады. Өздерінің хаттарында жазған сыйлықтарын алып, риза болды.
Өз кезегінде, корпорацияның мұндай ықыласына риза болған ата-аналар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.