Сәрсенбіге арналған ауа райы болжамы
Республиканың батыс және оңтүстік облыстарында тұрақсыз ауа райы сақталады, кей жерлерде жауын-шашын жауып, көктайғақ күтіледі, жел күшейеді, батыста жаяу бұрқасын болады, ал қалған аймақтарда жауын-шашынсыз аязды ауа райы сақталады. Бұл туралы ҚазАқпарат Қазгидрометке сілтеме жасап хабарлайды.
Республиканың кей жерлерінде тұман сақталады. Батыс Қазақстан облысының кей жерлерінде тұман, көктайғақ, жаяу бұрқасын болып, жел 17-22 м/с күшейеді. Ақтөбе облысының кей жерлерінде жаяу бұрқасын болып, жел 18 м/с күшейеді.
Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан, Атырау облыстарының кей жерлерінде тұман, көктайғақ болып, желдің күші 15-20 м/с жетеді.
Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарының кей жерлерінде тұман, көктайғақ күтіледі. Түнде Алматы облысының солтүстігінде өте қатты аяз күтіледі, Шығыс Қазақстан облысында, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарының кей жерлерінде қатты аяз күтіледі.