Қос қолынан айырылған жаңақорғандық жеке концертін өткізеді
Қос қолынан айрылған жаңақорғандық әнші туған жерінде шығармашылық кешін өткізеді, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
Айта кету керек, Жаңақорған ауданының тумасы Азамат Оразбек тағдырдың сынағына мойымай, алға қарай ұмтылған жан. Оның мүгедектігі туа біті емес, бала күнгі шалалығынан болған іс.
1998 жылы бірінші сыныпты тәмамдап, балалармен алаңсыз ойнап жүрген Азамат көмек сұраған үлкен кіснің өтінішімен транформатордың үстіне шығады. Қорқуды білмейтін жас бала жаңбырдың жауып тұрғанына қарамастан тоқты ұстай алады. Кенет баланы тоқ тартып, есінен танған.
Алғашқыда аудандық аурухананың есігін қаққан әкесі мұндағы дәрігерлердің көмегіне толық жүгіне алмағандықтан облыстық ауруханаға алып келеді. Алайда ақ халаттылар Азаматты аман алып қалу үшін қос қолын кесуге мәжбүр болады.
Сол қолынан түгел, оң қолынан шынтаққа дейін айырылған Азаматтың қайсарлығы бүгінде көпке үлгі. Тағдырына налымай, сағын сындырмаған ол мүмкіндігі шектеулі бола тұра біраз белесті бағындарғын. Азаматтың қазіргі күні үстел теннисінен Қазақстан чемпионы деген атағы бар. Сондай-ақ суға де шебер жүзеді.
«Сегіз қырлы, бір сырлы» Азамат өнерден де кенде емес. Әншілік өнерді жанына серік еткен ол бүгінде шығармашылығын шыңдауда. Өзінің жеке орындауындағы әндері әлеуметтік желі арқылы көпшілікке тарап үлгерген. «Сағынамын» атты әніне бейнебаян да түсірген. Отбасылы, екі баланың әкесі.
Әнші 26 желтоқсан күні кешке туған жері – Жаңақорған ауданының орталығында «Қатал тағдыр» атты жеке концертін өткізбек.