Есепшілер бөлмесіне баса-көктеп кірген
Жалағаш аудандық сотында ішімдік ішіп, өзгенің мүлкін қиратқан азаматқа қатысты сот отырысы болды, деп хабарлайды Kyzylorda-news. kz аудандық сот баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 293-бабының 1-бөлігімен айыпталған сотталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Дәлірек айтсақ, сотталушы мас күйінде Ақсу ауылына қарасты серіктестік ғимаратының ішіне заңсыз кіріп, есепшілер бөлмесінің есігін себепсіз ұрып, сындырған. Айыпталушы оқиға болған жерден бой тасалап, жәбірленушіге 10 000 теңге көлемінде мүліктік залал келтірген.
Сотта қос тарап медиация тәртібімен татуласып, өзара келісімге келді.
Қылмыстық іс екі жақтың татуласуына байланысты өндірістен тоқтатылып, сотталушы қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.