Денис Теннің қазасы: сотта жәбірленуші тарап спортшының тапсырыспен өлтірілгенін айтты
Алматыда Денис Теннің өлімі бойынша қылмыстық іске қатысты өтіп жатқан сот отырысында жәбірленуші тараптың адвокаты істі қосымша тергеуге жіберуді сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бүгін Алматыда қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің өліміне қатысты іс бойынша сот отырысы басталды. Сотқа 100-ге жуық адам жиналды, олардың арасында спортшының туыстары, БАҚ өкілдері бар. Сотта жәбірленуші тараптың қорғаушысы істі қосымша тергеуге жіберуді сұрады
Тен отбасының қорғаушысы Нұрлан Өстеміров соттан істі қосымша тергеуге жіберуді сұрады. Жәбірленуші тарап іске қатысты процессуалдық бұзушылықтар бар және қылмыс тапсырыспен жасалды деп есептейді.
«Біз қылмыстың сыбайластарын анықтау үшін істі прокурорға қосымша тергеуге жіберуді сұраймыз. Істің материалдарындағы дәлелдердің қайшы тұстары бар, олар қылмыстың тапсырыспен жасалғанын көрсетеді. Айдап салушылар мен арандатушыларды жауапқа тарту керек. Қосымша тергеу жүргізіп, дербес сот өндірісіне бөлуді сұраймыз», — деді Нұрлан Өстеміров.
Оксана Тен бұл пікірмен толықтай келісетінін айтты. Бұдан бөлек, жәбірленуші тараптың қорғаушысы Астана тұрғыны Самар Шәмшиевті сотқа жеткізуді сұрады. Ол бұған дейін Арман Құдайбергеновтің ұрлығынан зардап шеккен.
Ал айыптаушылар Оксана Теннің қорғаушысының арызының қайтарылғанын айтты. Құдайберген мен Қиясовтың қорғаушылары істі қайта қарауға негіз жоқ деп отыр.
Денис Теннің қазасы
Биыл шілденің 19-ында тапа-тал түсте Алматының қақ ортасында мәнерлеп сырғанаушы, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тенді көлік ұрылары пышақтап кетті. Мұз айдынын бағындырған 25 жастағы спортшы бір айнаның кесірінен жарқ етті де, жоқ болды.
Денис тұрақта тұрған көлігінің айнасын ұрламақ болған екі қаскөйдің үстінен түседі. Арада жанжал басталып, ұрылардың бірі спортшыны пышақпен жарақаттайды. Үш литр қан жоғалтқан спортшының өміріне дәрігерлер араша түсе алмады. Тен ауруханада кешкі бестер шамасында көз жұмды.
Аталған фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Денис Теннің өліміне қатысы бар деген күдікпен үш азамат ұсталды. Олар Жамбыл облысының тумасы 24 жастағы Нұралы Қиясов, Қызылорда облысының 1994 жылғы тумасы Арман Құдайбергенов және Жанар Толыбаева. Әйел қылмыс жасалғанын хабарламағаны үшін қамауға алынды.