«Сиқырлы керуен-2019» қайырымдылық шарасы өтті
Желтоқсанның 23-24 күндері "Жылы Жүрек Жастар" еріктілер тобы "Сиқырлы керуен-2019" атауымен қайырымдылық шарасын өткізді, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz.
Облыстағы жаны жомарт жастардан құралған топ жаңа жыл қарсаңында ерекше балаларды назардан тыс қалдырмауға атсалысты. Шараның алғашқы бөлімінде мүмкіндігі шектеулі 50-ден аса баланың үйін аралап, сыйлық тараптты. Ал, бүгін облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыка театрында денсаулық жағдайына байланысты үйден оқитын 60-қа жуық бала мерекелік қойылымды тамашалап, жаңа жылдық сыйлықтар алды.
Шараға облыстағы жастар, жомарт жанды тұрғындар демеушілік танытты. Сонымен қатар, Астана, Алматы қаласынан да балаларға сәлемдеме жолдағандар да болды.
«Біздің еріктілер тобы өзінің алғашқы шарасын былтыр жаңа жылда бастаған болатын. Ол кезде 150 балаға өзіміздің сыйлықтарымызды тараттық. Биыл міне тобымыз сол дәстүрді бұзбай, балаларға қуаныш сыйлып, тәттілерімізді тарту еттік. Бәріміз де бала болдық, жаңа жыл қарсаңында кез келген бала бір ғажайыптың болатынына сенеді. Ерікті жастардың мақсаты сал ауруымен, ДЦП диагнозды ерекше балаларды ескерусіз қалдырмай, өмірге құштарлықтарын арттыру. Шараға ат салысып, қол ұшын білдірген қайырымды жандарға алғыс білдіремін», - дейді "Жылы Жүрек Жастар" еріктілер тобының жетекшісі Сағатбек Қуанышбайұлы