Жер комиссиясының отырыстары онлайнда көрсетілетін болды
Жер комиссиясының отырыстары жергілікті атқарушы органдардың сайттарында онлайнда көрсетіліп, барлық аудио-бейнежазба әкімдіктердің серверлерінде сақталуы керек, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитетіне сілтеме жасап.
Жер комиссиясы отырысын тіркеуді қамтамасыз ететін аудио-бейнежазба құралдарын техникалық қолдану, аудио-бейнежазбаны сақтау қағидалары және аудио-бейнежазбаға қол жеткізу қағидалары бекітілді. «Енді Жер комиссиясының әрбір отырысы барысында облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының (ЖАО) ресми интернет-ресурстарында онлайн трансляциялау режимінде отырыстың аудио-бейнежазбасы жүргізіліп отырады. Жер комиссиясы отырысының аудио-бейнежазбасын санкцияланбаған тоқтатуға немесе түзетуге болмайды. Барлық аудио-, бейнежазбалар ЖАО серверлерінде сақталып, олардың көшірмелері Жер комиссиясы отырысына қатысушыларға, сондай-ақ жер учаскесіне құқық беру туралы өтініш берген адамдар мен олардың өкілдеріне беріледі», - делінген аталмыш комитеттің Фейсбуктегі парақшасындағы жазбада.