Қызылордада энергетика саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтілді
Облыс әкімі Қ.Көшербаев энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының қызметкерлерімен кездесіп, оларды кәсіби мерекелерімен құттықтады, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аймақ басшысы тұрғындар үшін қолайлы жағдайды қамтамасыз ету коммуналдық қызметтердің жұмысына тікелей байланысты екенін атап өтті.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Қызылорда қаласында «Smart квартал» жобасы іске асырылуда, аталған жоба табиғи монополия субъектілермен көрсетілетін қызметтердің ашықтығын қамтамасыз етуге және тұтыну көрсеткіштерін автоматтандыруға мүмкіндік беретін болады. Сонымен қатар, 2019 жылы жаңартылатын энергия көздерін дамыту үшін облыс орталығында, Жаңақорған, Шиелі және Жалағаш аудандарында жалпы қуаты 150 мегаватт болатын 4 күн электр станциясының құрылысы жоспарлануда», - деді аймақ басшысы.
2018 жылдың қорытындысы бойынша энергетика саласының үздік қызметкерлері облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.
Айта кетейік, қазіргі таңда Қызылорда облысында 300 км-ден астам электр желілері қайта жаңартылып, 90-нан астам қосалқы станция орнатылды.
2019 жылы облыстың барлық 7 аудан орталығын орталықтандырылған газбен қамтамасыз ету, сол арқылы аймақты көгілдір отынмен қамту көрсеткішін 70 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.
Облыс тұрғындарының 98 пайызы тұратын ауылдық елдімекендердің 83 пайызы орталықтандырылған су жүйесімен қамтылған. Бұл көрсеткіш республика бойынша ең жоғары болып табылады. Сонымен қатар, орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесімен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында 2017 жылы ауылдық елдімекендер мен аудан орталықтарын Бірыңғай сумен жабдықтау операторы құрылды. Сумен жабдықтаудың жергілікті желілері коммуналдық меншіктен республикалық меншікке "Қазсушар" РМК "Арал" СЖКБД филиалының балансына берілді.