Сыр өңіріндегі Сексеуіл кенті ірі тораптық станцияға айналды
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі, «Бейнеу-Бозой-Самсоновка» газ құбыры сынды мегажобалар жүзеге асқан Сыр өңірінің дамуында «Жезқазған-Бейнеу» теміржолы зор маңызға ие, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.
Қазақ елін Парсы шығанағымен байланыстыратын магистральдің қолданысқа берілуі ауылдардың да бойына қан жүгіртті. Соның бірі – бүгінде ірі тораптық станцияға айналып үлгерген Сексеуіл кенті.
Тіректі елді мекенге қоныстанған 12 мыңға жуық тұрғынның 70% темір жол саласында тер төгеді. Тәуелсіздік жылдарында жаңарып, түрленген тораптық станция – қазір тасымалдауды үзбей жүргізе алатын инфрақұрылымы дамыған бекет. Сексеуіл кентіне өткен жылы 4 миллиард, биыл 2 миллиард теңгеге жуық қаржы құйылды. Жүк айналымының еселеп өсуіне байланысты жаңадан 13 бекет пен 30 жол айрығы салынды. Теміржолшыларға арналып 68 үй салыну жоспарланып, оның жартысы пайдалануға берілді. Бұл сәйкесінше кәсіпкерліктің дамуына серпін берді.
«Жыл басында 395 кәсіпкер бар еді, қазір 425 кәсіпкелік нысан болды. Жыл көлемінде 5 нысан іске қосылды. Сауда орталығы, азық-түлік дүкені, автокөлік жөндеу, дөңгелек жөндеу, кілем жуу орталығы сонымен қатар мал шаруашылығына байланысты 7 шаруа қожалығы әртүрлі несие алып, мал басын көбейтуде», - дейді Сексеуіл кенті әкімінің орынбасары Мырзагүл Рсалиева.
Экономиканың күре тамыры саналатын салада қызмет істейтін теміржолшылар сексеуілдік балғындарға биыл спорт кешенін салып берді. 400 бала 6 түрлі үйірмеге қатысады. Сондай-ақ ауыл жеткіншектеріне бірнеше ойын алаңдары тарту етіліп, 200 орындық балабақша мен 300 орындық мектеп бой көтерді. Енді Сексеуіл секілді Арал ауданындағы 3 тіректі елдімекенді газдандыру жобасы қолға алынбақ. Жалпы, Тәуелсіздіктің 27 жылдығына теңіз төскейіндегі аудан толайым табыстармен жетіп отыр.
«2015 жылы көгілдір отын Арал қаласына келсе, енді елді мекендерге бағытталуға үлкен жұмыстар жасалып жатыр. Бұл дегеніміз – үлкен жетістік. Одан бөлек 4100 бірлік кәсіпкерлік субъектіге жетіп отыр. Оның ішінде 3799 тұрақты жұмыс жасап тұр. Қазіргі таңда 5800 адам кәсіпкерлік саласында жұмыспен қамтылған. Ауданға кәсіпкерлік саласынан биыл 21 млн. тг салық түсіп отыр», - дейді Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев.
Келер жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Сексеуіл кентінің барлық үйіне ауызсу жеткізіледі.