МСҚ жыл басынан бері халыққа тегін қызмет көрсеткен медицина ұйымдарына 662,4 млрд теңге төледі
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ 2018 жыл басынан бері халыққа тегін қызмет көрсеткен медицина ұйымдарына 662,4 млрд теңге төледі.
«10 желтоқсандағы мәліметке сүйенсек, Қызылорда облысы бойынша Қормен келісімшарт бекіткен жеткізуші компанияларға 3,1 млрд теңге төленді. Бұл кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті (ТМККК) шеңберінде бекітілген келісімшарт сомасының 81 пайызын құрайды», - деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕ АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов.
Естеріңізге сала кетсек, МСҚ ТМККК және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттерінің қаржылық операторы болып табылады. Қор жыл басында емдеу мекемелерімен ТМККК пакеті шеңберінде халыққа тегін көмек көрсету жөнінде келісімшарттар бекіткен болатын. Бекітілген келісімшарттардың жалпы сомасы 37,8 млрд теңге.
«Жұмыс кестеге сай жүріп жатыр. Бөлінген қаражат медицина мекемелерінің операциялық шығындарын өтеуге жеткілікті», - деді Бақыт Исмаханбетов.
Бүгінгі таңда Қор мемлекеттік тапсырыс бойынша қызмет көрсетуге ниет білдірген 67 медицина ұйымымен келісімшарт бекіткен. Оның 37-сі – жеке меншік. Ал, олармен бекітілген келісімшарт сомасы 2 есе артып, 3,5 млрд теңгені құрады.