Қызылордалық кәсіпкерлердің салықтық берешегі 2 млрд теңгеден асады
Еліміздің бизнес қауымдастығы алдағы салық амнистиясын асыға күтіп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Биылғы Елбасы Жолдауында бизнес субъектілеріне салынған айыппұлдар мен өсімдерді есептен шығару туралы тапсырма берген болатын. Мамандар «салықтық рақымшылық – кәРсіпкерлік үшін үлкен мүмкіндік» дейді. Айтулы науқан қашан басталады, оған қандай кәсіпкерлік нысандары ілігеді?
Қызылорда облысындағы өркендеп келе жатқан сервистік компанияларының бірі осыдан екі жыл бұрын жосықсыз тексеру кесірінен шығынға белшеден батқан. Оның тоқтаусыз өсіп жатқан айыппұлы 240 миллион теңгеден асты. Алайда кәсіпорын алдағы салықтық рақымшылыққа үлкен үміт артады.
«Сол көмекті әрине, күтеміз. Жалақыны көтеруге де, біздің жұмысшыларға бұл үлкен өзінің септігін тигізетін еді. Осындай қордаланған айыппұлдарымыз бен есеппұлдарымызды есептен шығару жөнінде Үкімет жұмыс істейтін болса, бізге бірден-бір үлкен көмек болатын еді», - дейді серіктестіктің оңалтушы басқарушысы Сақтаған Нұрмаханов.
Бүгінде Қызылорда облысында салықтық берешегі бар 1800 шағын және орта бизнес субъектісі бар. «Олардың қарызы екі миллиард теңгеден асады», - дейді мамандар.
«Жалпы салық рақымшылығы нені көздейді? Бұл – шағын және орта бизнестердің белгілі бір мөлшердегі сомасын босата отырып, олардың жалпы дамуына жағдай жасалады. Яғни, былай айтқанда салықты әрі қарай жүргізуге, жаңа кәсіп түрін ашуына, жаңа идеялар мен бастамаларын жүргізуге жағдай жасалады. Жалпы Жолдаудың түпкі мақсаты - елдің тұрмысын, әлеуметтік әл-ауқатын көтеру», - дейді облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Серік Мұстафаев.
Ал Ақмола облысында 2805 салық төлеуші рақымшылыққа ілігеді. Есептен алынып тасталатын айыппұл мен өсімпұлдың жалпы көлемі 1 миллиард 600 мың теңге шамасында. Соның өзінде облыс қазынасына түсуі тиіс негізгі қарыз 3 миллиард теңге.
«Ірі салық төлеушілер мен акцизделетін өнімдерді өндірушілерге рақымшылық жасалмайды. Айыппұлдарды есептен шығару, сондай-ақ оңалту және банкроттық туралы заңнамаға сәйкес салық төлеу мерзімін кейінге қалдырған немесе оңалту рәсімінде тұрған салық төлеушілерге қолданылады», - дейді облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы Ақмарал Мейірманова.
Ғылыми-экономикалық сараптама және зерттеулер орталығының ақпараты бойынша бүгінде Қазақстанда салық бойынша берешегі бар 60 мыңнан астам шағын, орта бизнес субъектісі бар. Борыштың жалпы сомасы шамамен 155 млрд теңге. Оның 80,3 миллиарды негізгі қарыз, қалғаны өсімпұл. Айта кету керек, салықтық рақымшылық 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап 31 желтоқсанына дейін жалғасады.