Қызылордада «Қобызшылар ансамблі» құрылады
Қызылорда облысында «Қобызшылар ансамблін» құру, мәдениет үйлері мен клубтарда қобыз үйірмелерінің санын арттыру жұмыстары жүргізіледі. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімі Қырымбек Көшербаевтың блогында жазылды, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz.
14 желтоқсан күні облыс әкімінің блогына қобызшы, Тұрмағамбет атындағы халық аспаптары оркестрінің және Ақмешіт фольклорлық этнографиялық ансамблінің әртісі Тоқтар Ағыраевтан «Сыр өңірінде қобыз үйірмесі ашылса» деген сауал жолдаған.
Қобызшы сауалында: «Құрметті Қырымбек Елеуұлы мен Ағыраев Тоқтар кобызшымын, айтайын дегенім сіз «Қорқыт-қобыз» тақырыбын жоғарғы деңгейде козғап жүрсіз оған сізге мың раxмет. Жақында Қорқыт мұралары ЮНЕСКО-ға енді дегенде бөркімізді аспанға атып қуандық ұлттық өнеріміз ұлықталғанына. Мен бір нәрсені түсинбеймін сіз айтып едіңіз Қорқыт жерінде қобыз үйірмелері барлық өнер ошақтарынан ашылсын деп, сол айтылған сөз орындалмай жатқан секілді. Мен еш жерден қобыз үйірмесі ашылды дегенді естімедім. Сол орындалса қуанышымызға қуаныш қосылар еді. Өйткені Қорқыт мұрасы дегенде ең бірінші қобыз тарту өнері ойға түсері анық» деп жазылған.
Тоқтар Ағыраевтың көтерген мәселесіне орай, тиісінше жауап қайтарылған.
Онда: «Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Қорқыт Ата мұраларын насихаттау, қобыздың үнін ұрпақ санасына сіңіру мақсатында қалалық, аудандық мәдениет үйлері мен клуб кәсіпорындарында 2017-2018 жылдар аралығында 14 қобыз үйірмелері (Арал ауданында 2 (аудандық мәдениет үйі, аудандық жыраулар үйі), Қазалы ауданында 2 (кенттік мәдениет үйі, Абай ауылдық клубы), Қармақшы ауданында 2 (Көмекбаев ауылдық клубы, аудандық жыраулар үйі), Жалағаш ауданында 2 (Далдабай ауылдық клубы, Т.Жүргенов ауылдық мәдениет үйі), Сырдария ауданында 1 (Шіркейлі ауылдық мәдениет үйі), Шиелі ауданында 1 (Н.Бекежанов ауылдық мәдениет үйі), Жаңақорған ауданында 3 (аудандық мәдениет үйі, Талап, Қожамберді ауылдық клубтар), Қызылорда қаласында 1 (А.Тоқмағамбетов мәдениет үйі) ашылып, оған 79 өнерпаз қатысып жұмыс жасауда. Алдағы уақытта өңірімізде «Қобызшылар ансамблін» құру, мәдениет үйлері мен клубтарда Қобыз үйірмелерінің санын арттыру бағытында жұмыстар жүргізілетін болады», – делінген.