Кәсіпкерлер Тәуелсіздік күні қарсаңында қызылордалықтарға тарту жасады
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Қызылорда қаласында бірнеше кәсіпкерлік нысан іске қосылды, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Солардың бірі ұлттық сүт өнімдерін сататын «BALQAIMAQ» дүкені. Бұл жобаның құны 15 млн. теңге болса, оның 10 млн. теңгесі мемлекеттік бағдарламалар аясында «Микробизнес Қызылорда» өңірлік қаржы ұйымы арқылы жеңілдетілген несие және 5 млн. теңгесі жеке инвестиция есебінен қаржыландырылған.
Сонымен бірге, түйе жүнінен жасалатын өнімдерді шығару мақсатында «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасының байқауына қатысып 1 млн. теңге көлемінде қайтарымсыз қаражатқа ие болған. Нәтижесінде аталған кәсіпкерлік нысанның 2-ші қабатында түйе жүнінен тұрмыстық бұйымдар, яғни көрпе-төсектер жасайтын тігін цехы іске қосылды.
Қала тұрғындарына мерекелік тарту ретінде ашылған келесі кәсіпкерлік нысан, «SMALL» көтерме сауда маркеті.
Жалпы аумағы - 5 мың 860 шаршы метрді алып жатқан сауда алаңында тұтынушыларға 12 мыңнан астам тауар түрлері ұсынылады.
Ең бастысы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға септігі мол бұл нысан, 134 адамға тұрақты жұмыс орынын ұсынып отыр. Қызылорда қаласында «Smаll» сауда бренді бойынша осымен 4-ші нысан ашылып отыр.
Сонымен қатар, бүгін қала орталығындағы А.Байтұрсынов көшесінен еліміздің оңтүстік аймағында, әлемнің жетекші брендтерінің электроника тауарларын ұсынатын "EVRIKA" гипермаркеті ашылды.
Үш қабаттан тұратын ғимараттың жалпы аумағы 4 мың шаршы метрді құрайды. Құны - 350 млн. теңге болатын бұл жоба 50 қызылордалықты тұрақты жұмыспен қамтиды.
Жаңа кәсіпкерлік нысандардың ашылу рәсіміне қатысқан қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың маңызы мен оның өңір экономикасына, халықты жұмыспен қамту бағытында тигізер зор үлесі туралы айтты.
Расында, Сыр өңірінің бас шаһары - Қызылорда қаласында халықтың жайлы тұрмыс кешуіне барынша ыңғайлы жағдай жасау және жаңа жұмыс орындарын қалыптастыру үшін шағын және орта бизнесті дамыту, заманауи ірі сауда орындарын көбейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.