Қызылорданың бұлбұлы
Қызылордадағы қарттар мен мүгедектерге арналған интернат-үйінде жергілікті композитор Талғат Нағашыбаев пен ақын, әнші Кенже Маханбетованың бірлескен шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz «Қоғам тв» телеарнасына сілтеме жасап.
Әнші Кенже Маханбетова 1969 жылы Жалағаш ауданының Жаңаталап ауылында дүниеге келген. Бала күнінен арбаға таңылған Кенже қиындықтарға мойынсұнбай, тек алға ұмтылған жан. Ол 25 жасынан бастап ән жаза бастайды.
Жаны жайсаң, көңілі кең Кенжеге қарттар үйінің барлық тұрғыны ерекше ілтипатпен қарайды. №1 Қызылорда облыстық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы директоры орынбасарының айтуынша, Кенже Маханбетова олар үшін Сыр елінің бұлбұлы, оның ән салғандағы дауысы тыңдаған жанды елітіп әкетеді екен.
Кенже композитор Талғат Нағашыбаевпен бірге ән жазады. Олар 15 жылдан астам уақыттан бері бірлесіп жұмыс істейді. Осы уақыт аралығында Талғат Нағашыбаев Кенженің өлеңдеріне музыкалық шығармалар жазды. Шығармашылық адамдарының бірлескен жұмыстарын «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ шығармашылық бірлестігі қоры да назардан тыс қалдырмаған. «Бейбітшілік әлемі» қор басшысының атынан Әбдіәли Нұрманов, «Ұлт мақтанышы» медалімен Талғат Нағашыбаевты марапаттаса, Кенже Маханбетоваға «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін табыс етті.
Бұл марапат ақын, әнші Кенже Маханбетованың алғашқы жетістігі емес. Ол бұған дейін мүгедектер арасындағы облыстық фестивальда жеңімпаз атанған. Сонымен қатар «Алтын Қауырсын» облыстық фестивалінің екі дүркін жеңімпазы.