Қызылордада «Автобус» жедел-профилактикалық шарасы өтті
Қызылорда облысында «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп, нәтижесінде жол қозғалыс ережесін бұзудың 566 дерегі анықталды, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz.
Іс-шара нәтижесінде автобус жүргізушілері тарапынан жол қозғалыс ережесін бұзудың барлығы 566 дерегі, оның ішінде: жолаушыларды тасымалдау қағидаларын бұзудың 20, заңсыз қайта жабдықтаудың 12, міндетті техникалық қарап-тексеруден өтпеген 22, белгіленген жылдамдық мөлшерін арттырудың 40 дерегі анықталып, әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Нақтыласақ, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» тас жолында «Россия-Сарыағаш» бағытында жүрген «Mercedes Benz 311» үлгісіндегі автобусын тоқтатып тексеру барысында арнайы рұқсатсыз тұрақты емес тасымалдауды жүзеге асырғаны үшін жүргізушіге 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде «Қазалы-Қаратерең» бағытында қатынайтын автобусын тексеру барысында жүргізушінің алкогольді масаң күйде басқарғандығы анықталып, жүргізуші ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» республикалық маңызы бар тасжолдарда орналасқан «Шеп» бекетінде «Сарыағаш-Россия» бағытында өтіп бара жатқан Өзбекстан Республикасы азаматының басқаруындағы «Мерседес-бенц» үлгісіндегі автобусын тоқтатып тексеру барысында, автобус құралына артық орындық орнатқандығы анықталса, дәл осындай құқық бұзушылық «Арал-Түркістан» бағытындағы қатынайтын Арал ауданы тұрғынының басқаруындағы «Сетра» маркалы автобусында техникалық талаптарына сәйкес бірнеше орындықтар жетіспейтіндігі анықталып, оларға әкімшілік шара көрілді.
Бұл бағытта жұмыстар жалғасын табуда.