«Ақмешіт - адалдық алаңы» жобалық кеңсесі ашылды
Сыр өңірінде «Ақмешіт - адалдық алаңы» жобалық кеңсесі ашылды, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz МҚІСЖҚА Қызылорда облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жобаның мақсаты - сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы төзбеушілікті қалыптастыру және мемлекеттік билік институттарына азаматтардың сенімін арттыру.
Мемлекет басшысы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер» жобалары аясында елорданың жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асыру жөніндегі тәжірибесін тарату керектігін айтқан болатын.
Жобалық кеңсенің ашылуына ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымова қатысып, облыстағы мемлекеттік мекеме басшыларына кеңсенің мақсаты таныстырылды.
Жобалық кеңсенің жетекшісі Серік Шотаев кеңсенің міндеттеріне тоқтала келе «Тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою және азаматтар үшін қолайлы жағдайлар жасау бағытында білім, денсаулық сақтау, сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары, халықты әлеуметтік қорғау, мемлекеттік кірістер, сот және құқық қорғау органдары қызметтеріне талдау жұмыстарын жүргізетін боламыз», - деді.
Сондай-ақ, қоғамдық бақылаудың интерактивтік картасы және мемлекеттік сатып алулар мониторингі арқылықоғамдық бақылауды жүзеге асыру бойынша нақты шаралар қабылданатын болады.
Бүгінгі таңда республиканың 7 аймағында Агенттіктің бастамасы негізінде «Адалдық алаңдары» ашылып, өз жұмыстарын бастап кетті.
Айта кетерлігі, «Ақмешіт - адалдық алаңы» жобалық кеңсесі Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасы негізінде Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен ашылып отыр.