Қызылорда зияткерлері – үздік құрастырушылар
Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Hackathon-2018 сайысында жүлделі І орынды жеңіп алды, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz мектептің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сайыс Қызылорда облысы әкімдігі аппаратының «Ақпараттық технология орталығы» мен Қазақстан IT-мамандар Қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырған.
Hackathon – бұл веб-сайттарды немесе мобильді қосымшаларды жасайтын құрастырушылар арасында ұбайқау.
Hackathon-2018 сайысы Жастар ресурстық орталығының қолдауымен өткізіліп, «IТ және Жастар» тақырыбына арналды. Яғни сайыс қатысушылары жастар өміріне бейімделген кез-келген бағдарламалық нұсқаулық, яғни веб-сайт, мобильді қосымшалар, 3D-модельдеу және 2D мультипликация дайындау бойынша өз идеяларын ұсынды.
Конкурсқа IT саласына қызығушылық танытқан студенттер мен оқушылар қатысты. Ұсынылған 39 жұмыстың жетеуін Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары таныстырды.
Оның ішінде 9-сынып оқушысы Дидар Ережеп мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт алаңдарының жаңа 3D моделін әзірлеп, көрсетті. Жоба қазылар алқасы тарапынан жоғары бағаланып, Дидар планшет сыйлығын ұтып алды.
Ал 9-сынып оқушысы Сұлтан Қанидың автоматтандырылған ретранслит жүйесі - қазақ тілінің кириллицадан латын әріптеріне аудару жөніндегі жобасы арнайы жүлдемен марапатталды.
Сұлтан Рахымжан PHP-де өз бағдарламалық сервисін толыққанды веб-сайтта таныстырды. Жастар ресурстық орталығы жобаны жүзеге асыруға қызығушылық танытты.
Жарыстың ең үздік жұмысы 11-сынып оқушылары Нұрбол Бижігіт, Анастасия Денисова және Тоғжан Есқожаның жобасы болып танылды. Балалар дербес деректерді криптографиялық қорғауды және шифрлануды қолдана отырып, адамдар арасында хабар алмасу кезінде ақпараттың жайылып кетуін қорғауды қамтамасыз ететін жаңа әлеуметтік желіні ұсынды.
«Бұл онлайн-қызметтің бағдарламасын оқушылар өздері жазып шықты. Платформа тегін хостингте орналастырылып, көрсетілді. Әлеуметтік желі қолдануға өте ыңғайлы. «Ақылды таспаның» алғашқы тіркелушілері жас бағдарламашылардың сыныптастары болды», - деді жоба жетекшісі, Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің информатика пәнінің мұғалімі Анар Кенесары.
Бұл жоба қазылар алқасы тарапынан жоғары бағаланып, балалар сайыс абсолютті жеңімпаздары деп танылып, 30000 теңге ақшалай сыйақымен марапатталды.