Сот саласы қызметкерлері Тәуелсіздік күнін атап өтті
Қызылорда облыстық сотының ұйымдастыруымен Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Нартай Бекежанов атындағы музыкалық драма театрында болып өткен мерекелік шараға облыстық соттың төрағасы мен сала қызметкерлері қатысты.
Салтанатты шара барысында Қызылорда қаласының мамандандырылған тергеу сотының сот приставы Берік Керуенбаев мерекелік баяндама жасады. Сонымен қатар жаңадан мемлекеттік қызметке қабылданған жас мамандар Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшісінің антын қабылдады.
Тәуелсіздік күнін мерекелеу құрметіне орай судьялар, отставкадағы судьялар мен сот жүйесінің бірқатар қызметкерлеріне түрлі марапаттар, айрықша белгілер, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табысталды.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Судьялар одағының «Үш би» құрмет белгісімен отставкадағы судья Ольга Ким, облыстық соттың судьясы Клара Қаниева марапатталды. Қазақстан Республикасы «Судьялар одағының Құрметті мүшесі» құрмет белгісі және Жоғарғы Соттың «Құрметті судья» атағымен отсавкадағы судья Зина Жаңбыршаева марапатталды.
Сырдария ауданының 90 жылдық мерекелік медалі облыстық соттың судьясы Ермек Тұрбаевқа табысталды.
Салтанатты шарада қатысушылар театр әртістерінің қойылымдағы Р.Отарбаевтың «Мұстафа Шоқай» драмасын тамашалады.