Зияткерлік әлеуетті қалыптастыру жолдары Қамқоршылық кеңес отырысында талқыланды
Қызылорда қаласындағы химия-биологиялық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Руслан Рүстемовтің төрағалығымен Қамқоршылық Кеңестің кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымдарының 2020 жылға дейінгі Даму Стратегиясына сәйкес 2015 жылы Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Қамқоршылық кеңесі құрылған болатын. Кеңестің мақсаты Зияткерлік мектептің негізгі даму бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлеу, демеушілік көмектерді тарту және көрсету болып табылады. Сондай-ақ, мектептің материалдық базасын нығайту, білім беру қызметтерінің сапасын арттыру үшін қосымша қаржылық және мүліктік ресурстарды тартуға жәрдемдесу Кеңестің негізгі принциптеріне кіреді.
Қамқоршылық кеңеске Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Рүстемов Руслан Рүстемұлы төрағалық етіп, Қызылорда облыстық білім басқармасының басшысы, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дың және Болашақ университетінің ректорлары, Жаxаев атындағы ғылыми зерттеу институтының директоры, бизнес өкілдері мен ата-аналар комитетінің төрайымы мүшелік етті.
Биылғы оқу жылындағы Қамқоршылық кеңестің алғашқы отырысында Қамқоршылық кеңестің құрамы мен жоспары бекітіліп, Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі директоры Баxыт Жұматай 2017-2018 оқу жылы бойынша есебі тыңдалды. Атап айтқанда мектеп 2018 жылы xалықаралық аккредитациядан сәтті өтіп, 100-ге жуық мектеп оқушылары xалықаралық, республикалық,аймақтық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздарын дайындады. Мектептен түлеп ұшқан 382 түлектің 35-і Назарбаев Университетінің студенттері, тағы 29 шәкірті әлемдегі 8 мемлекеттің білім гранттарын иеленіп, беделді оқу орындарында жоғары білім алуда. Мектеп жетістігін баяндаған Баxыт Әмірxанұлы Ұлыбританияның ұлттық орталығы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің NIS-Programme білім бағдарламасының General Certificate of Education A-Level деңгейіне сәйкестігін растағандығы туралы айтты. Бұл түлектердің қазақстандық 10 беделді жоғары оқу орнына 2 курстан, ал Кембридж және Германиядағы университеттерге университеталды дайындық курсына қатыспай-ақ оқуға қабылдануына көмек береді. Өз сөзінде мектеп директоры Зияткерлік мектеп тәжірибесін жалпы білім беретін мектептерге тарату жұмытарының нәтижелігі туралы кеңінен айтты.
Мұнан соң мектептің қызметін жақсартуға бағытталған ағымдағы мәселелер қаралып, Қамқоршылық кеңес мүшелерінің зияткерлік әлеуетті қалыптастыруда өзге де ұсыныстары мен пікірлері тыңдалды.