Аралдық ұста балаларға ағаштан ойыншықтар жасайды
Арал ауданы тұрғыны Әлнұр Жарқынбаев ағаштан ойыншық жасап, балаларды табиғи өнімдермен қамтамасыз етіп келеді, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz
Арал ауданы Жақсықылыш кентіндегі №19 мектепте мұғалім болып жұмыс істейтін Әлнұр Жарқынбаев ағаштан ою ойып, түрлі бұйымдар жасап келе жатқанына 10 жылдан астам уақыт болған. Ол өзінің білгенін оқушыларына үйретуде. Балалардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін оларға ағаштан түрлі туынды жасауға баулып келеді.
Шебер ойыншықтың әрбір бөлшегін баппен жонып, баланың қолына ұстауға ыңғайлы етіп, денсаулығына зиян келтірмеуін де ескереді.
Әлнұр Жарқынбаевтың айтуынша, жасаған бұйымдарын көрмеге қойып, ағаштан жасалған бұйымға қызығушылық танытқан жандар балаларына немесе жақындарына кәдесый ретінде алады екен.
«Өз өнімдерімді әзірге көрме сөрелеріне қойып жүрмін. Алдағы уақытта кәсібімді жетілдірсем деймін. Ол үшін ойыншықтарға түрлі дыбыстар шығаратын, жарық түсіретін қондырғыларды орнатқым келеді. Балаларды ағаштан жасалған ойыншықтарға қызықтыру үшін оның сырт пішініне аса мән беру қажет», – дейді ұста.
Бір ойыншық көлікке жарты сағат уақытын жұмсайтын ағаш шебері мұнан өзге ертегі кейіпкерлерін, жан-жануарлар мен ұшақ түрлерін, тұрмысқа қажетті бұйымдарды жасайды.