Қызылордадағы дағдарыс орталығын қариялар да паналайтын болған
Қызылордада дағдарыс орталығын баласы үйден қуып шыққан қариялар да паналайтын болған. Мамандар туған баласынан зәбір көрген қарттардың көбейіп келе жатқанына алаңдайды. Жыл басынан бері орталыққа осындай 4 қария түскен, деп хабарлайды «Астана» телеарнасының тілшісі.
74 жастағы Ақырыс әжені дағдарыс орталығына апта басында полиция мамандары әкеліпті. Бауыр еті баласы таяқ астына алған. Айтуынша, 2 ұлы бар. Бірақ, қартайғанда қамқорлық емес, қорлық көріп отыр. Кәрілікті немере сүйіп, бала-шағаның арасында қарсы алуды армандаған әженің қазіргі күйі мынадай.
Ақырыс әже:
– Ұрғаннан кейін тұрғым келмейді, уже бармаймын. «Сен малсың, малсың, есексің»- дейді маған. Көрген көріміме, азарыма, соған жылап отырмын. Қай жаққа барамын еңді? Барғаныммен қайта ұрып, өлтіреді мені ол.
Былтыр тұрғылықты мекен-жайын, мемлекеттік арнайы орындарға 3 қария ауыстырған. Ал, биыл орталықты 4 қария паналап отыр. Қиын жағдайға душар болған мұндай аналарды полиция қызметкерлері ертіп келеді.
Айнұр Жұмабаева, Қызылорда полиция басқармасы жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы:
– 74 жастағы әжеміз осындай біздің учаскелік полиция инспекторы көшеде жүрген жерінен алып келген паналауға «Қамқорлық» дағдарыс орталығына. Әрі қарайда, егерде паналайтын жері болмай балаларының бәрі бас тартып жатса, онда қарттар үйіне собес арқылы сөйлесіп, сол жаққа орналастырамыз. Негізі алты айға дейін осы жерде паналауға болады.
Бұл орталық әу-баста қиын жағдайға тап болған азаматтарға әлеуметтік, құқықтық және психологиялық көмек көрсету үшін ашылған. Дегенмен, мұнда көбіне балалы әйелдер мен қарттар келеді.
Жанар Алтынбасова, «Қамқорлық» дағдарыс орталығының меңгерушісі:
- Әжейдің жағдайын әлде де тиісті органдар арқылы жан-жақты зерттеп, зерделеу жұмыстарын жүргізу арқылы қолданыстағы заңнамаларға сәйкес әрі қарай орналастыру жұмыстарын жүргізетін боламыз.
Орталық мамандары далада қалғандарды артынан іздеп келетіндер сирек, -дейді. Ал, қариялар балаларына қайтып баруға жүрексінеді. Сондықтан, қарттар үйіне өткізуге өтініш жасайды екен. Оның өзі баласы анасынан құжат жүзінде бас тартса ғана іске асады. Былтыр бір қария осы орталықтан мемлекеттік орынға тапсырылыпты.
Шарипа Сақтапова, тілші:
– Айта кетейік, дағдарыс орталығы 2011 8 адамға арналып ашылғанымен, келушілер қатары көбейген соң, орын санын да ұлғайтыпты. Қазір 50 адам пана болып отыр. Мұқтаж жандардың құжаттары қалпына келтіріліп, жәрдемақы мен алименттерін алуға көмек көрсетілуде. Ал, жұмыссыз әйелдерді қайта даярлау курстарынан жібереді. Жыл басынан бері орталық 205 адамға қызмет көрсеткен.