Санкт-Петербургте Әлия Молдағұловаға ескерткіш қойылады
Ақтөбе облысының әкімдігі Ресейдегі Қазақстан елшілігімен бірлесіп, Санкт-Петербургте Әлия Молдағұлованың ескерткішін орнатады. Бұл туралы Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын түсіндіру кезінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ақтөбеге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мақаласын түсіндіру тобы келді. Олардың арасында «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі, «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің бас директоры Асқар Умаров, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Берік Әбдіғали, қоғам қайраткері, саясаттанушы Айдос Сарым, «Қазақстан блогерлері Альянсы» ҚБ төрағасы Ғалым Байтук бар.
«Өткен жылы Ресейдегі Қазақстан елшілігімен бірлесіп, Ржев қаласындағы мемориалдық кешен жаңғыртылды. Елшілік пен министрлік арасындағы келісімге сәйкес жұмыс келер жылы жалғасады. Енді Тверь облысындағы қазақстандықтар жерленген жерге де арнайы белгі қойылады. Ресейдегі Қазақстан елшісі Иманғали Тасмағамбетов Санк-Петербургте Әлия Молдағұлованың ескерткішін орнату идеясын айтты. Біз қолдап, келер жылы істі бастаймыз», - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Бұған дейін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Киелі жерлер географиясы» жасалып, өңірлерде тізім жасалды. Ақтөбе облысы бойынша 10 жер тізімге енді.
««Киелі жерлер географиясы» - тарихи сана-сезімімізді қалыптастыруға, жаңғыртуға бағытталған жұмыс. Ата-бабамыз барып, зиярат жасап жүрген, саяси маңызы бар орындар қосылды. Өткен жылы «Қасиетті Қазақстанның» 1-томы шықты. Биыл Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстары бойынша кітап шығады. Енді шекараның ар жағында, бойында жатқан киелі жерлер тізімі жасалады. Мәскеу төңірегіндегі тарихи жерлерді алсақ, Арынғазы хан Калугада жерленген. Нақты орны белгісіз болса да, аумағы бар. Сол жерге белгі, ескерткіш қоюға ұсыныс жасаймыз. Сонымен қатар, Тверь облысының Оленинский ауданында 1 мыңнан астам қазақ жерленген жер бар. Арнайы белгі қою қажет деп ойлаймыз. Мектеп жанында 100, 101-атқыштар бригадасына музей ашылған. Бірақ жағдайы мәз емес. Көмектесіп, қолдау көрсетуді қажет етіп тұр», - деді «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Берік Әбдіғали.