Қоғамдық кеңес мүшелері газбен жабдықтау жүйелерін тексерді
Облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері Қармақшы, Жалағаш аудандарында бас қосты.
Облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырмасына сәйкес «Өркениет Қызылорда» ҚБ ұйымдастыруымен өткен дөңгелек үстелге кеңес мүшелері Болат Нұрқожаев, Раушан Сарымсақова, қалалық «Невада-Семей» қоғамдық бірлестігінің директоры Бархан Ахылбаев және Жаңақорған, Шиелі аудандық қоғамдық кеңес мүшелері, ҮЕҰ-дар мен аудан тұрғындары қатысты.
Жиын барысында жергілікті тұрғындар келелі мәселелерді көтеріп, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Сонымен қатар кеңес мүшелері қашанда халық ортасынан табылып, әлеуметтік мәселелерді шешуге қол ұшын беріп келеді.
Айталық, әлеуметтік желілерде жиі көтеріліп жүрген жекеменшік үйлердің газбен жабдықтау жүйелерінің қауіпсіздігіне қоғамдық бақылау жүргізілді. Оған қалалық және облыстық қоғамдық кеңес мүшелері, Қызылорда қаласы төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы азаматтық қорғау капитаны Зулхарнай Салмырза қатысып газбен жабдықтау жүйелері, үйлердің қауіпсіздігі жөніндегі талаптарды және жалпы ережелерді жергілікті тұрғындарға кеңінен түсіндірді.