Отбасылық дау медиация тәртібімен реттелді
Қазалы аудандық сотында ерлі-зайыптылардың ортақ мүлікті бөлу туралы азаматтық ісі қаралды, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz.
Сотқа жүгінуші ерлі-зайыптылар некеде тұрған уақытта ортақ қаражатқа жер телімін сатып алып, үй салған. Сот отырысында талап қоюшы жылжымайтын мүліктен өзіне тиесілі бөлігін өндіріп беруді, яғни, жауапкерден 1 500 000 теңге ақшалай өтемақыны өндіруді сұрады.
Қазіргі таңда азаматтық істерді медиация тәртібімен шешу қолға алынып келетіні белгілі. Осыған орай, сот бұл отбасылық дауды да медиация тәртібімен реттеу туралы келісімге келді. Сот отырысында екі тарапқа дауды медиативтік жолмен шешу жолдары толық түсіндірілді.
Медиация тәртібіне өткен бұл іс сот өндірісінен тоқтатылып, талап қоюшының талап арыз беру кезінде мемлекеттік баж салығына төлеген қаражаты қайтарылды.
Қазалы аудандық соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, ұйғарым заңды күшіне енбеген.