2019 жылдың көктемінде «Fly Arystan» әуе тасымалдарын бастайды
«Fly Arystan» жаңа әуе компаниясының алғашқы тасымалдары биылғы мамыр айына жоспарланып отыр. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде тілшілерге ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Министрдің сөзіне қарағанда, Алматы мен Астана рейсінің бағасы 14-16 мың теңге шамасында болады. Сонымен қатар, бұл әуе компаниясы жаңа ұшақтармен қамтамасыз етілмек. Бұл бағыттағы қаржылық шығындарды компания өз есебінен жүзеге асырады.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2019 жылы «Эйр Астана» FlyArystan қолжетімді әуе компаниясын іске қосады. Жаңа әуе компаниясы Easyjet, Indigo, Cebu Pacific, Air Asia халықаралық лоукостерлерінің үлгісі бойынша арзан модельде жұмыс істейтін болады.
Еске сала кетсек, 2 қарашада Мемлекет басшысы Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбекті, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің мүшесі Ричард Эвансты және «Эйр Астана» әуе компаниясының президенті Питер Фостерді қабылдаған болатын. Кездесу соңында Мемлекет басшысы «Эйр Астана» базасында бюджеттік әуе компаниясын құруды тапсырды.