Жалағашта балалар технопаркі робот жасауды үйретпек
Жалағаш ауданындағы оқушылар үйінде балалар технопаркі ашылды, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz.
Технопарктің ашылу салтанатына Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары Жағыпар Тажмаханов қатысты.
«Еліміздің балаларға робототехникамен айналысуына, жаңа технологиялармен жұмыс жасауына мүмкіндік алғанына қуаныштымыз. Биылғы тамыз кеңесінде ұстаздармен бірге роботтарды қалай құрастыру керек, оны қалай пайдалану керек деген сауалдар төңірегінде ізденіп, жаңа оқу жылын бастаған болатынбыз. Аз уақыттың ішінде білім саласының қызметкерлері солардың жауабын тауып, робототехниканы қолға алып, оны жетілдіру, дамыту жолында тынбай жұмыс жүргізуде. Бұл орайда аудан ұстаздарына сәттілік тілейміз», – деді Жағыпар Тажмаханов.
Аудандық оқушылар үйіндегі үйірмелер саны қазір 14-ке жетіп отыр. Үш үйірме ІТ саласына бағытталған. Мұндағы балалар технопаркі робототехника кабинетімен, 3D принтерлермен және тағы да басқа қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған. Ал оқушыларға бағыт-бағдар беретін ұстаздар білімдерін жетілдіріп, арнайы курстардан өтті.
Технопарктің «Роботехника» бөлімінде оқушылар робот құрастыруды үйренсе, 3 D принтермен түрлі пішіндегі кескіндемелер жасайды. «3D модельдеу», «Цифрлық білім беру бағдарламасы», «Робототехника» үйірмесі балаларға ІТ саланың қыр-сырын үйретіп, технопарк жалағаштық оқушылардың ғылымға деген алғашқы баспалдағы болмақ.
Айта кеткен жөн, аудан орталығындағы оқушылар үйі биыл күрделі жөндеуден өтті. Жөндеу жұмыстарына аудандық бюджеттен 10 млн. теңге қаржы бөлінді.