Ақтан батыр ауылында орталық алаң салынуда
Қазалы ауданына қарасты Көларық ауылдық округі Ақтан батыр ауылында мемлекеттік жекеменшік-әріптестік аясында орталық алаң құрылысы жүргізілуде, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz.
Екі кезеңнен тұратын игі іс ауыл жанашыры, кәсіпкер, «Сыр маржаны» ЖШС директоры Мінәжадин Өтеевтің қолдауымен жүзеге асуда.
Ақтан батыр ауылының әкімі Шәкір Қартабайдың айтуынша, қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталуға жақын. Бүгінде орталық алаңында түрлі бейнедегі мүсіндер, аспалы шамдар, балалар ойын алаңдары, тұрғындарға арналған орындықтар мен көлеңкелі шатырлар орнатылған.
«Қазірдің өзінде орталық алаңда балалар ойын ойнап, ауыл тұрғындары бос уақыттарын өткізуде. Жақын арада орталық алаң толық іске қосылатын болады», - деді ауыл әкімі.
Сонымен қатар, Ақтан батыр ауылындағы Әйтеке би және Ғ.Мұратбаев көшелерінің тозығы жеткен жарықшамдарына да ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тұрғындар игілігін көруде.
Оған қоса, жарықшамдарды жаңа технологиялармен жаңарту жұмыстары да жүргізілуде. Өткен жылы ауылдың 4 көшесіне орнатылған жарықшамдар автоматты жүйемен жұмыс істей бастаған болатын. Ағымдағы жылы Әйтеке би кентіндегі Әлсейіт тас жолының бойындағы және орталық Ақтан батыр көшелерінің жарықшамдары таймерлік құрылғылармен жабдықталып, автоматты жүйеге көшірілді. Ақтан батыр ауылындағы заманауи жарықшамдар белгілі бір уақытта жанып-сөнетін болады. Тек таймерге жаздық-қыстық уақытты енгізілу керек.