Қорқыт ата мұрасының ЮНЕСКО тізіміне енуінің маңызы қандай?
Порт-Луисте өтіп жатқан ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраларды қорғау жөніндегі үкіметаралық комитетінің отырысында 9 жаңа элемент тізімге қосылды.
Олардың ішіне «Қорқыт ата» мұралары да енді. Осы салада жүйелі атқарылып жатқан жұмыстар бізге не береді? Қорқыт ата мұраларының бұл тізімнен көрінуінің біз үшін маңызы қандай? Түркі халқының белгілі қоғам қайреткерлерінің пікірін назарға ұсынамыз.
Әлемге танылуына жол ашады
Қорқыт Ата тек түркі халықтарының ғана емес, күллі адамзаттың тарихи және рухани мұрасы. Түгел түркінің атасы — Қорқыт бабамыздың мұрасы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енуі— оның бүкіл әлемге танылуына жол ашады. Жаһан Қорқытты танып, сүйетін болады, сол арқылы ал адамзат баласына деген құрмет те арта түседі.
Айдын МИРЗАЗАДЕ,
Әзербайжан Парламентінің депутаты, коғам қайраткері
Қорқыт Ата эпосы түркі халықтарының төл энциклопедиясы
Қорқыт Ата эпосы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енуі бізді қатты қуантты. Бұл эпоста түріктердің мифологиясы, тарихы және этнографиясы ерекше бір тілде жазылған.
Әзербайжанда жазылғанмен күллі түрік халқының ортақ байлығы. Түрік халықтары «Қорқыт Ата», «Дәдә Қорқыт» деп атайтын мотивтер мәңгілік. Бабалар мұрасының әлемдік деңгейге шығуымен баршаны құттықтаймын.
Фирудин ЖАЛИЛОВ,
Әзербайжанның экс-білім министрі, қоғам қайраткері, профессор
Бұл түркі әлемі үшін үлкен оқиға
Қорқыт Ата туралы маңызды жиындар мен тыңжұмыстар жасалады деп сенемін. ЮНЕСКО да әлемдегі барлық елдің өкілдері бар екенін білеміз. Олар да өз елдерінде әр жылы мәдени салаға қатысты іргелі жұмыстар жасайды. Демек, бабамыздың әлемдік деңгейде насихатталуына жақсы мүмкіндік тумақ.
Сонымен қатар, 2019 жылды ЮНЕСКО Құтадғу білік жылы деп те жариялады, оны да ұмытпағанымыз абзал.
Тимур ҚОЖАОҒЛУ,
белгілі түркітанушы, АҚШ-тағы Мичиган университетінің профессоры