Ұлттық банк "Көкбөрі" коллекциялық монеталарын айналымға шығарды
Монеталар алтындату технологиясын қолдана отырып күмістен жасалған және гауһар қондырмасы бар.
Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі 2018 жылғы 28 қарашасынан бастап номиналы 5 000 және 500 теңгелік күмістен, номиналы 200 және 100 теңгелік мельхиор қоспасынан "Көшпенділердің ғибадат жануарлары – тотемдері" монеталар сериясынан "Көкбөрі" коллекциялық монеталарын айналымға шығарады, деп хабарлайды BNews.kz Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Көкбөрі (көк қасқыры) – ежелгі түріктердің нанымында басты тотемдік жануарлардың бірі. Көшпенді халықтың наным-сенімінде қасқыр көк аспанмен байланысты барынша маңызды нышандардың бірі болып есептелді.
Номиналы 5 000 және 500 теңгелік "Көкбөрі" монеталарының сипаттамасы:
Монеталар алтындату технологиясын қолдана отырып күмістен жасалған және гауһар қондырмасы бар.
Монеталардың бет және сырт жақтарындағы бейнелері бірдей. Монеталардың бет жағында (аверсінде) ұлттық ою-өрнектің қоршауында соғылған жылы, номиналы, Қазақстан теңге сарайының тауар белгісі және монета дайындалған металды, оның сынамын және массасын білдіретін жазба орналасқан. Монетаны айналдыра "Қазақстан Республикасы • Republic of Kazakhstan" деген жазба бар.
Монеталардың сырт жағында (реверсінде) гауһар қондырмасы бар қасқырдың басының натуралистік және трафареттік бейнесі бар композиция және "Көкбөрі" деген жазба орналасқан. Монетаны айналдыра сақтардың жануарлар стилінде дайындалған қасқырдың сұлбасы бар жалпақ жиек бейнеленген.