13 491 қызылордалық емхана таңдау құқығын пайдаланған

Қызылорда облысында осы еркін емхананы таңдау құқығын 13 491 адам пайдаланған, оның ішінде 11 646 адам алғашқы медициналық-санитариялық қызмет ұйымына өтініш беру арқылы тіркелсе, қалған 1 845 адам онлайн қызметті таңдаған. Былтырғы тіркеу науқаны барысында облыс бойынша 18 мыңға жуық тұрғын емхана таңдау құқығын пайдаланған.
Алдағы уақытта емхананың тіркеу бөлімдері арқылы тіркелу тоқтатылады. Бұл шешім жүйелі проблемаларды жойып, қызметін асыра пайдалану және фальсификация фактілерінің алдын алу мақсатында қабылданды.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕ АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Б.Исмаханбетов мәлімдеді.
«Бұған ешқандай алаңдаудың қажеті жоқ. Біріншіден, тіркелу үшін емханаға тікілей барып үйренген азаматтар халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметіне жүгіне алады. Аталған орталықтарда Connection Point бөлімшелері бар, олар egov порталына қосылған. Сол жерде арнайы кеңесшілер отырады. Екіншіден, Egov.kz жуырда Telegram ботын іске қосты. Смартфонның көмегімен осы бот арқылы бірер минутта тіркелуге болады. Үшіншіден, қазір өзіңізді ғана емес, балаларды да онлайн режимде тіркеуге мүмкіндік туды. Жүйе барлық мәліметтерді қысқа мерзім ішінде, автоматты түрде шығарып береді. Бұл процесті барынша жеңілдетеді әрі артық құжат талап етілмейді.Аймағымызда биылғы тіркеу науқанына 20 медицина ұйым қатысты. Оның 7-уі – жеке медициналық ұйымдар. Аталған емханалар келер жылы кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде халыққа қызмет көрсетпек», – деді Б. Исмаханбетов.