Саптағы сарбаздарға ақ бата
Қызылорда облысында күзгі науқан бойынша сарбаздарды әскерге шығарып салу шарасы ағымдағы жылдың 9-қыркүйектен бастап 28-желтоқсанға дейін жалғасатын болады.
Осы орайда, алғашқы лек ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметіне қарасты Алматы, Маңғыстау, Атырау облыстарында орналасқан әскери бөлімдерге 200-ге жуық облыс азаматтары белгіленген талаптарға сәйкес жіберілді.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігіне қарастыәскери бөлімдерге және элиталы әскери құрылым саналатын Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметіне шығарып салу шарасы жоспарға сәйкес 100 % орындалды.
Қазақ халқында жақсы тілек білдірудің ұлттық дәстүрі саналатын ақ батаның орны ерекше. Батаны аузы дуалы, көпті көрген кемеңгер қариядан алуды жөн санаған сарбаздар, Курск түбіндегі шайқастағы ерлігі үшін Ұлы Отан соғысы Батыры атағына ие болған ардагер Әбдірахман Байтиков үйінде болып, қарт майдангердің өсиетін тыңдап, ақ батасын алды.
− Ұлы Отан соғыс ардагерінің әңгімесі арқылы бейбіт заманның ұрпағы болғаныма іштей қуандым. Бір жыл деген қас-қағым сәтте өтеді де кетеді.
Дегенмен де, еліміздің әр азаматының бойында Отанға деген сүйіспеншілігі мықты болу қажет деп ойлаймын, − деген Қазалы ауданының тұрғыны Аширбек Талғат Молдабекұлының да пікірін білдік.
Отан қорғаушы Қостанай қаласындағы құрылыс колледжінде техник құрылыс мамандығы бойынша білім алады. Қолына дипломын алып, Қазалы ауданының жергілікті әскери басқару органы арқылы құжаттарын жинақтайды.
ҚР Қорғаныс министрілігінің Отар станциясында орналасқан 30212 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтейтін елу бес сарбаздың арасында ол да бар.
Ұлы Отан соғыс ардагерлерімен сарбаздар арасындағы рухани сабақтастық алдағы уақытта дәстүрге айналатын болады.
Естеріңізге сала кетейік, күздің соңғы тобы қараша-желтоқсан айларында ҚР ІІМ Ұлттық Ұланға сарбаздарды шығарып салу шарасы өткізіледі.