Қызылордалық кәсіпкер «Бизнес-кеңесшіні» оқып, «ИнваСТО» ашты
Ебін тапқанға етер еңбек жетерлік. Қарап отырмай, бір істі қолға алып, көзін табамын десеңіз мемлекет те демеуге әзір. Ең бастысы, ниетің мен жақсы дайындалған жоспарың болуы тиіс. Облыстық кәсіпкерлер палатасынан алған кеңесінің арқасында инновациялық байқауға өз жоспарын ұсынып, грантқа қол жеткізген Нұрсұлтан өзінің бұрыннан ойында жүрген кәсібін бастады. Ол «Zhas project» жобасының да жеңімпазы.
Бүгінгі кейіпкеріміз арамыздағы «ерекше» жандардың бірі – Нұрсұлтан Тәжиев. Ол ақпараттық технологиялар саласының маманы болғандықтан жанына сол кәсіп иелерін жинап, инваСТО ашу жөнінде ақылдасады. Жобасына арнайы ат та қойды: «Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған техникалық қызмет көрсету орталығы».
Кәсіпкерлер палатасынан «Бизнес-кеңесші» курсы бойынша оқып, біліктілігін жетілдіргеннен кейін инновациялық жобаларға арналған байқауға бизнес-жоспарын ұсынды. Нұрсұлтанның жобасының әллеуметтік маңыздылығын, сондай-ақ өміршеңдігін ескерген комиссия мүшелері қолдау білдіріп, оң қорытындысын берді. Нәтижесінде кәсіпкер грантқа қол жеткізіп, 640 мың теңге қайтарымсыз қаржы алды.
«Біз қазір шағын орталығымызда мүмкіндігі шектеулі жандардың арбасын жөндеуден өткіземіз. Сұраныс бар. Мұндай техникалық-жөндеу орталығы біздің облысымызда бірінші рет ашылып отыр. Республика көлемінде де көп емес, бізден өзге 3 өңірде ғана бар. «Ерекше» жандардың арбасы сынса көп жағдайда жаңасын алуға мүмкіндіктері жете бермейді. Ал ескісін жөндеп беретін мамандар жоқтың қасы. Міне, біз осы олқылықтың орнын толтырғымыз келеді», - дейді кәсіпкер Нұрсұлтан Тәжиев.
Бүгінде төрт адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіп иесі, әрдайым ізденіс үстінде жүреді. Жақында ғана Астана қаласында өткен халықаралық семинарға қатысып, америкалық мамандардан мүгедектер арбасын бір адамға лайықтап жасауды үйреніп келді. Алдағы жоспары да айқын: арбаларға рөл қоюды жоспарлауда. «Бұл арба иелеріне қозғалыста айтарлықтай ыңғайлы»,- дейді кәсіпкер. Нұрсұлтан қажетті құралдың қаржысының төмен болуына да мән беріп отыр.
Айта кету керек, жыл басынан бері біздің кеңесшілеріміз 5070 азаматқа 11 994 кеңес беріп, 1881 адамға сервистік қызмет көрсетті.
Сонымен бірге, қазіргі таңда Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары жанынан 23 өз-өзіне қызмет көрсету аймағы іске қосылды. Бүгінгі күні оларда 19 кеңесші қызмет көрсетуде.
Мұнан өзге, services.atameken.kz онлайн жүйесі арқылы облыс бойынша кәсіпкерлерден кеңес алуға 948 онлайн өтінім жасалды.
Қызылорда облысы
кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі